Құрықтағы эвакуациялық пунктте кішкентай батыр қыздың бесікке салу рәсімі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жылыой ауданының тұрғыны Мухамедияр Асылай өмірге алғашқы қызын енді әкелген сәтте шұғыл эвакуация басталып, шақалағымен бірге асығыс жолға шыққан. Бүгін Құрықтағы кәсіптік колледжге жерлестерімен бірге орналасқан болатын. Колледж ұжымы, бірі сәбиінің бесігін көтеріп келсе, бірі базардан жөргек сатып әкеліп, шашу, "тыштырма" ұйымдастырды. Ұжымдағы ең сыйлы аға ұстаз Айсәуле Тұрғанбаева сәбиді бесікке салу рәсімін жасады.
- Мұндай батыр қыз еш жерде жоқ, елінен үдере көшіп, абдырап қалған адамдарға үміт сыйлап, уайымын сейілтіп, бір сәт қуанып күлуге себеп болған сәбидің жасы ұзақ болсын!, – дейді А.Тұрғанбаева.
Эвакуациялық пунктті қуанышқа бөлеген сәби мен анасы шағын рәсімнен кейін қауіпсіздік мақсатта аудандық перзентханаға орналастырылды.