Маңғыстаулық тұрғын өңірде сирек кездесетін өсімдікті әлеуметтік желіде көрсеткен. Видеоға қатысты Маңғыстау тәжірибелік-ботаникалық бақтың директоры Ақжүніс Иманбаева пікір білдірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Видеода Маңғыстаудағы көрікті жерлердің бірінде өсіп тұрған еркек усасыр (щитовник мужской) өсімдігі көрініп қалған. Ақжүніс Иманбаеваның айтуынша, еркек усасыр жоғалып бара жатқан, өте сирек кездесетін өсімдік. Адам жүретін жерден қашатын, ылғал суды, көлеңкені жақсы көретін өсімдіктің бірі.
Соңғы кезде сирек кездесетін өсімдіктерге қызығып, жартаста жабысып, тығылып тұрған жеріне дейін келетін тұрғындар саны артқан. Осы орайда маңғыстаулық ботаник, ғалым Ақжүніс Иманбаева тұрғындардың мұндай әрекетін заң аясында тоқтату керек екенін тілге тиек етті.
«ХХІ ғасырда көптеген ғалым Солтүстік-Батыс Үстірт, Бұғырстан, Оңтүстік Ақтау Ыбықтыда, Түпқараған Жығылғанда папоротник өсімдігі өсетін аймақтарды анықтап, белгілеген болатын. Өкінішке қарай, қазір Бұғырстанда, Ыбықтыда бұл өсімдіктер жоғалып кетті. Жалғыз табиғи өсетін жері – Жығылған. Сондықтан әлеуметтік желіге видео жүктеген тұрғынға «қайда өсіп жатқанын, оны таптатып жалпыға көрсетуге» болмайтынын айту қажет. Өйткені ол өте сирек, жоғалып кету қаупі бар, реликті Қызыл кітапқа енген өсімдік. Жалпы мұндай өте сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау үшін Қазақстанның «Өсімдіктерді қорғау туралы» заңының негізінде тұрғындарға, туристерге ескерту жұмыстарын жүргізу керек», - деді Ақжүніс Иманбаева.