© hellobounce.com
Биыл Маңғыстау облысында 1-10 сынып аралығындағы 22 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьмен қамтылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова редакциямызға берген сұқбатында айтты.
Қала сыртында орналасқан 3 лагерьде жаз бойы 4 800 демалады. Яғни мемлекеттік «Балдәурен» лагерінде 900 балаға арналған жазғы демалыс ұйымдастырылса, «Фламинго», «Ақбөбек» жекеменшік жазғы сауықтыру орындарына 3900 оқушы демалысқа барады.
Ал өңірдегі 86 мектеп жанынан тамақтандырумен 17 180 балаға жазғы сауықтыру шарасы ұйымдастырылмақ.
- Қала сыртындағы сауықтыру орындары 5 маусымнан балалардың алғашқы легін қабылдайды да, 28 тамыз күні жұмысын аяқтайды. Ал мектеп жанындағы лагерьлер мемлекеттік емтихан аяқталған соң, шамамен 10-15 күндері ашылады, - дейді Айжақсы Тұржанова.
Сонымен қатар, кәсіптік, шатырлы, ағаш үй, спорттық, тілдік, шығармашылық бағытта танымдық жазғы шараларға 10 758 бала тартылады. Одан бөлек 145 мектепте түрлі профильдік шараларға 108 190 оқушы қатысады.
517 маңғыстаулық оқушыға өзге өңірлердегі сауықтыру орындарына жолдама беріледі. Ал облыстық балалар ауылының 28 тәрбиеленушісі басқа аймаққа демалуға кетеді.
Облыста балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыруда «2024-2026 жылдардағы жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтырып, демалысын, бос уақытын дұрыс өткізуге бағытталған өңірлік шаралар жоспары» бекітілген.
- Бұл мұғалімдердің, білім саласының ғана жұмысы емес. Балалардың демалысын қоғам болып қамтамасыз етуіміз керек. Осы орайда біз полиция, санитарлық эпидемиологиялық станса мамандарымен, ТЖД мамандарымен бірлікте жұмыстар жүргіземіз, - деді Айжақсы Тұржанова.
Бұл жоспарды жүзеге асыруда мүдделі органдармен ведомствоаралық штаб құрылған. Жазғы демалыс орындарын дайындау, жұмысының сапалы ұйымдастырылуын пысықтау мақсатында штабтың отырысы екі рет өткізілген.
Штаб мүшелері қала сыртындағы «Балдәурен», «Фламинго», «Ақбөбек» балалардың жазғы сауықтыру орындарының дайындығына екі мәрте зерделеу жұмысын жүргізіп, ескерту берген.
Лагерьлерде жөндеу және әктеу-сырлау, абаттандыру жұмыстары аяқталып, санитариялық-эпидемиологиялық департаменті сынама алған.
- Лагерьлерде балалармен жұмыс істеуге мұғалімдер, педагогикалық білім алып жатқан студенттер тартылады. Одан бөлек еріктілер де жұмыс істейді. Дегенмен кез келген адам жұмыс істей алмайды. Әр маманға арнайы тексеру жүргіземіз. Денсаулығын толық тексеріп, психологиялық тұрғыда дайындығын пысықтаймыз, - деп қорытындылады Айжақсы Жылқыбайқызы.