Қазақстандағы ірі газбен жабдықтаушы компания «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ атауын «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ деп өзгертті. Бұл ребрендинг тек компанияның атауы мен логотипін өзгертуге ғана қатысты емес, ішкі біраз бизнес – процестерге әсер етеді. Енді «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ газды тасымалдаудан бастап, оны түпкілікті тұтынушыға өткізуге дейінгі, сондай-ақ өзінің газ тарату желілері мен ондағы газ жабдықтарын дербес пайдалану дейінгі өндірістің толық циклін өзіне қайтарды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ газ тарату жүйелерін пайдаланумен тікелей айналысатын 3 309 өндірістік маманды жұмысқа қосымша қабылдады.
«QAZAQGAZ AIMAQ» компаниясы «QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес компаниясы және Қазақстанның ішкі нарығындағы газбен жабдықтаушы негізгі ұйымдардың бірі. Компания қызметінің негізгі бағыты – өңірлердегі барлық тұтынушыны табиғи газбен үздіксіз және апатсыз қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ өзінің өндірістік филиалдары арқылы барлық газдандырылған 14 облысқа және республикалық маңызы бар үш қалаға тауарлық газ жеткізеді. Атап айтқанда, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан және Ұлытау облыстары, республикалық маңызы бар – Астана, Алматы және Шымкент қалалары.
Компания 12 миллионға жуық тұрғынды (2 миллион 400 мыңнан астам абонент) газбен қамтамасыз етеді. Газ тұтынушы тұрғын саны 2023 жылмен салыстырғанда 500 мыңдай адамға өскен. Тұтынушыға газ жеткізетін тарату желілерінің ұзындығы 69 мың шақырымнан асты, бұл былтырмен салыстырғанда 5 500 км-ге артық.