Венгрияның Дебрецен қаласында Иштван Бочкайды еске алуға арналған халықаралық турнирде маңғыстаулық Саматәлі Төлтаев топ жарды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
6-12 ақпан аралығында Дебреценде бокстан Иштван Бочкай атындағы халықаралық турнир 67-ші рет жалауын желбіретті. Байрақты бәсекесі ұлттық құрама сапында сынға түскен Төлтаев жартылай финалда германиялық спортшыны ұтса, финалда аустралия боксшысы Фред Зиуаны жеңіп, ел әнұранын шырқатты.
Венгрияда өткен бокс бәсекесінде Қазақстан ерлер құрамасының спортшылары 13 салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен болатын. Саматәлі Төлтаевтан бөлек, Теміртас Жүсіпов (48 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Дулат Бекбауов (67 келі), Аятулла Тәкіжанов (75 келі), Айбек Оралбай (92 келі) алтыннан алқа тағынса, Дамир Әбдіқадыр (51 келі), Дәулет Молдашев (54 келі), Ермахан Жақпеков (71 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.