Ақтауда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері тұрғындарға өрттен сақтану және улы газбен уланудың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жылыту маусымы басталғалы бері 7 805 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 3 560 тұрғын үй тексерілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарына азаматтық қорғау органдарымен қатар газтехникалық инспекция мамандары, «Қызыл Ай» еріктілер қоғамының өкілдері және «КазТрансГазАймақ» АҚ мамандары қатысты. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйлеріне 1113 дана газдануды бақылау датчигі орнатылды.
Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарынан мына қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды
- пештің ақауын, саңылауын тексеру, оларды уақытылы жөндеу;
- пештердің түтін мұржаларын күйеден айына кемінде бір рет тазалау қажет;
- қазандықта жанғыш материалдарды сақтауға жол бермеу;
- орнатылған газталдағыштарды(сигнализатор) жарамды күйде ұстау қажет;
- электр тоқ көздерінің ақаулығын уақытылы тексеру немесе жөндеу;
- балалардың отпен ойнауына жол бермеу;
-газдың үстіндегі қосылып тұрған тамақты қараусыз қалдырмау.
«Жылыту маусымы басталғалы бері 7 805 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 3 560 тұрғын үй тексерілді. Басты мақсат - тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз», - деді Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Қабілет Ещанов.