© Nur.kz
Спорт түрлері бойынша сынға түсіп, үздік жетістікке қол жеткізген спортшыларға өздері жаттығатын клуб, федерация, қалалық, облыстық басқармалар тарапынан ай сайын еңбекақы мен тиісті сыйақылар берілетіні белгілі. Маңғыстау облысының спортшылары түрлі жарыстарға қатысып жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Осы орайда өңірде спортшыларға төленетін тиісті қаражат туралы mangystaumedia.kz тілшісі зерттеп көрді.
Спорт түрлері бойынша еліміздің құрама командаларының құрамына кіретін өңір спортшыларына, олардың жаттықтырушыларына тиісті айлық еңбекақы төленеді. Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы спортшыларға еңбекақы және сыйақы төлеу 2014 жылғы 3 шілдедегі "Дене шынықтыру және спорт туралы" Заңына сәйкес, Маңғыстау облысының спортшыларының әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес төленетіндігін атады.
Мәселен, "Маңғыстау бокс клубы" ЖШС құрамындағы 11 спортшының әрқайсысына ай сайын 240 000 теңге төленеді. Оларды жаттықтыруға бекітілген 9 маман да осы көлемде еңбекақы алып жүр.
Ал "Маңғыстау облыстық мүгедектік спорт клубы" КММ өнер көрсететін 7 спортшыға 200 мың теңге айлық еңбекақы беріледі екен. Жаттықтырушылар құрамына да осы мөлшерде айлық төленеді.
Маңғыстау облысында олимпиадалық спорт түрлері бойынша ел құрама командаларының құрамына кіретін спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ірі мөлшерде ақша төлеу тұрақты жолға қойылып, қаулымен бекітілген. Мәселен, Олимпиада мен Паралимпиада ойындарында алтын медаль иеленген спортшыға ай сайын 700 мың теңге төленсе, күміс жүлдегерге 600 мың, ал қола медаль иегеріне 500 мың теңге төлеу қарастырылған.
Әлем чемпионаты және мүгедектер арасындағы әлем чемпионатында ел абыройын асқақтатқан спортшыларға 500/400/300 мың теңге көлемінде тұрақты айлық еңбекақы қосылады.
Бүкіләлемдік Универсиада, жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлде алған спортшыларға 300/250/200 мың теңге төлеу көзделген көрінеді.
Азия, Азия паралимпиадалық және Сурдолимпиадалық ойындарда жүлде алған маңғыстаулық спортшыларға алтын, күміс және қола медаль иеленгеніне қарай 400/300/200 мың теңге қаржы ай сайын төленеді.
Ересектер және мүгедектер арасындағы Азия чемпионатында олжа салып, туымызды желбіреткен спортшыларды ай сайын 350/250/200 мың теңге төлеу жолға қойылған.
Маңғыстаулық жасөспірім спортшылар Олимпиада ойындарында жүлде алған жағдайда оларға ай сайын 200/150/100 мың теңге көлемінде ақша беріледі.
Сондай-ақ, ел чемпионаты, спартакиада, ҚР паралимпиадасында топ жарған оғландар 200/150/100 мың теңгеден иеленіп отырады. Мұндай төлем жастар арасындағы Азия біріншіліген жүлде алғандарға 100/70/50 мың теңге көлемінде беріледі.
Жастар арасындағы ҚР және Азия чемпионатында жүлде алған саңлақтар 70/50/30 мың теңгеден ай сайын еңбекақы алады. Ал жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде жоғары жетістікке жеткендерге 100/70/50 мың теңге көлемінде төленеді. Сәйкесінше, ересек жасөспірімдер санатындағы жарыста оқ бойы озық келгендерге де осы көлемде қаржы төленеді екен.
Бұл төленетін қаржының барлығы Олимпиадалық спорт түрлеріне ғана қатысты. Ал Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша еліміздің құрама командаларының құрамына кіретін Маңғыстау облысының спортшыларына және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай жабдықталым төлемдерінің мөлшері ересектер арасындағы әлем чемпионаты үшін 200/150/100 мың теңге мөлшерінде бекітілген. Бүкіләлемдік Универсиада және жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын, күміс, қола медаль иегерлері үшін 150/100/50 мың теңге көлемінде болып отыр.
Ал Азия ойындарында ересектер арасында үздік нәтиже көрсеткендерге 400/300/200 мың теңгеден иеленіп отырады. Сәйкесінше, Азия чемпионаты үшін 120/90/70 мың теңгеден төлеу қарастырылған.
Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жастар арасында Азия чемпионатында жүлде алғандар 70/50/30 мың теңге көлемін құрап отыр.