ҚР Ұлттық ұланының Ақтаудағы 6656-әскери бөлім сарбаздары үнемі тұрғындардың алғысына бөленіп жүреді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Күнделікті жұмысы көзге көрінбегенімен, қоғамдағы қауіпсіздіктің зор қалқаны екенін мына оқиғалардан байқауға болады.
Ақтаулық Беркін Айдарәлиев самокатпен ойнауға шығып кеткен 7 жасар ұлын жоғалтып алады. Қаладағы 27 шағын аудан қасында тәртіп қадағалап жүрген сарбаздарға барып, жағдайды түсіндіреді. Әскери жасақ кезекшілерді рация арқылы құлағдар етіп, іске кіріседі. Іздеу барысында үйінен адасып кеткен бүлдіршін аман-есен табылып, ата-анасына жеткізілген.
Осы бөлімде келісімшартпен жұмыс істейтін кіші сержант Қуаныш Бекжігітов, балабақшадағы өртті ауыздықтауға көмектескен. Ойланбастан, іске кіріскен Қуаныш өрт сөндірушілер жеткенше балабақшадағы сәбилер мен мамандарды қауіпсіз жерге көшіреді. Сондай-ақ оттың одан әрі шарпуының алдын алған. Ол бұл іс-әрекетін ерлік деп есептемейді. Қуаныштың айтуынша, ол бар болғаны өз қызметін атқарған.
Тағы бір оқиғада әскери жасақ патрульдеу бағыты бойынша келе жатып «Адмирал» бильярд залының жанынан әмиян тауып алады. Әмиянның ішінде жеке куәлік, жүргiзуші куәлігі мен 200 мың теңгедей ақша болған. Әскери жасақ бастығы мен патрульшiлер әмиянды шағын аудандағы полиция бекетіне жеткiзген. Әмиян иесі Қабылбек Шайдуев әскери жасақтын адалдығына риза болып, әскери бөлім басшылығына алғыс хатын жолдайды.
Сондай-ақ, жақында әскери бөлімнің жедел мақсаттағы батальонының әскери қызметшісі, кіші сержант Нұрсұлтан Кененбаев ҚП Президенті жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Олардың төзімділігі мен табандылығы өзгелерге үлгі болуда.


