Маңғыстаулық оқушы Әділжан Молдағұл «International Junior Science Olympiad»халықаралық олимпиадасына қатысып, қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Әділжан Молдағұл 10-сынып оқушысы. Ақтау қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім инновация» лицей-интернатында білім алады. Ол 2-12 желтоқсан аралығында Колумбияның Богата қаласында өткен физика, биология және химия пәні бойынша халықаралық жасөспірімдер олимпиадасына қатысып, қола медаль мен III дәрежелі дипломның иегері атанды.
-Олимпиада 3 пәннен және 3 турдан өтті. Физика, химия және биология пәндері болды. 1 тур тест, 2 тур теориялық тур және 3 тур практикалық тур болды. Олимпиаданың қорытындысы бойынша қола медаль бұйырыпды. Еліміздің туымен шығып медаль алу үлкен мәртебе болды. Қобалжыдым. Бірақ ерекше әсер берді. Ішімде қуаныш және елім үшін мақтаныш сезімі болды. Алдағы уақытта да дайындығымды күшейтіп, еліміздің көк туын келесі олимпиадаларда да жоғары ұстаймын деген сенімдемін. Мақсатым - ғылым саласында елімізді әлемдік деңгейде атын шығару және елімізге пайдалы жаңалықтар ашу, дейді Әділжан Молдағұл.
«International Junior Science Olympiad» - 16 жасқа дейінгі оқушыларға арналған жыл сайынғы жеке және командалық жаратылыстану жарысы. Жарысқа әлемнің 60 елінен келген оқушылар командасы қатысты. Ал Қазақстан құрама командасында еліміздің үздік 6 оқушысы бақ сынады.