Ақтауда “Достық үйінде” Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Басқосуға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Ұлықбек Тналиев қатысты.
«ҚР Президент Жарлығына сәйкес, Маңғыстау облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясы 2021 жылы құрылып жұмысын жүргізуде.
Өңірлік комиссия мүшелері 7 жұмыс тобына бөлініп, 7 бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Комиссияның жұмыс топтары 2022 жылы атқарған жұмыстары туралы қорытынды есептерін берді. Толық ақтауға 1931 жылғы Адай көтерілісіне қатысқан 56 адамның, босқындардың 1055 адамның және 1941-1945 жылдарғы 210 қазақстандық әскери тұтқындардың тізімі ұсынылды»,-деді
өңірлік саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның Жобалық офисі жетекшісі Нұржігіт Хайрулаев.
Отырыс соңында «Маңғыстау өңіріндегі саяси қуғын-сүргін архив құжаттарында» және «1985-2021 жылдары мерзімді баспасөз беттерінде саяси қуғын-сүргін тақырыбында жарық көрген мақалалар жинағы» кітаптарының, «1931-1932 жылдардағы Адай көтерілісі кезіндегі соғыс ошақтары» картасының және «Маңғыстау өңіріндегі саяси қуғын-сүргін оқиғалары» туралы бейнероликтердің таныстырылымы өтті.