Алматы қаласында Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев жас боксшыларды қаржылай марапаттады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Былтыр Испанияның Аликанте қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қошемет көрсетті. Спортшылардың жеке бапкерлеріне де қаржылай ақша берді. Марапаттаудың жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңгені құрады.
Салтанатты шарада маңғыстаулық боксшы Әсем Таңатарды федерация басшысы 1 миллион теңгемен марапаттады. Ол өткен жылы Алакенте қаласында өткен әлем біріншілігіне қатысып, үшінші орын алды.
Ә.Таңатар 2005 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Қазір Мұнайлы ауданы №11 жалпы білім беретін орта мектептің 11-сынып оқушысы. Маңғыстау бокс құрамасының мүшесі. Бокстан Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы. Азия біріншілігінің күміс жүлдегері (Дубай, 2021), Дүниежүзілік ХІХ жазғы гимназияданың күміс жүлдегері (Нормандия, 2022), әлем чемпионатының қола жүлдегері (Аликанте, 2022). Жеке бапкері – Диас Есенов.
Кеңес Рақышев өзінің құттықтау сөзінде «Испанияда еліміздің жастар құрамасы жақсы нәтиже көрсетті. Медальдардың саны мен сапасы бойынша біз үшінші орын алдық. Арада көп уақыт өтсе де, біз жас боксшыларымызды ұмытқан жоқпыз. Біз жастарға сенім артамыз. Болашақта олар ұлттық құрама боксшыларының орнын басады. Әсересе, әйелдер боксындағы нәтижелер қуантады. Бокс – біздің ұлттық спортымызға айналды. Қазір әуесқой бокста жүріп, атыңды шығаруға болады. Жақсы қаражат таба аласың. Барлық боксшыларға, бапкерлер құрамына және біздің жеңістеріміздің жаршысы – БАҚ өкілдеріне алғыс айтамын», – деді.
Федерация президенті әлем чемпиондары Элина Базарова (54 кг) мен Бақыт Сейдішке (66 кг) – 3 миллион теңгенің сертификаттарын берді. Күміс жүлдегерлер Нұрбек Мурсал (67 кг) мен Дәулет Тулемисов (75 кг) 1,5 млн теңгеден алды. Қола жүлдегерлер Гүлназ Бурибаева (48 кг), Әсем Таңатар (63 кг) және Әсел Тоқтасын (+81 кг) 1 миллион теңгеге ие болды.
Айбек МҰХАНОВ, спорт шолушысы.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.