Әлуеметтік желілерде мүлдем беймәлім американдық геологтың Баку аймағында 6,9 баллдық жойқын зілзала болуы мүмкін, ал оның салдары Маңғыстау өңіріне тиеді деген болжамы кеңінен тарауда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz. Сайт редакциясы ҚР сейсмология институтына арнайы хабарласып, түсініктеме сұрады.
Сейсмология институты мамандары "Баку" тектоникалық құрылымы Маңғыстау өңірі аумағы шекарасымен шендеспейтінін түсіндірді. Сондықтан сарапшылар бұл ақпаратты негізсіз деп таныды.
"Маңғыстау облысы әкімдігімен жасақталған кестесіне сәйкес облыстағы сейсмология институтының қызметкерлері сейсмикалық аудандастырудың нақты картасын жасау бойынша жұмысты бастады. Басты мақсат және негізгі міндет - Маңғыстау облысындағы сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және осы өңірде сейсмикалық станцияларды ашу. Маңғыстау облысында болашақта ірі мұнай-газ кен орындарын қарқынды игеру барысында туындауы мүмкін тәуекелдерді азайту бойынша техногендік жер сілкіністеріне зерттеулер жүргізілетін болады", - дейді институт мамандары.