© Gov.kz
“Ғажайып массаждың” тұсаукесеріне біраз ақтаулықтар қатысқан. Көпшілік тұсаукесерге барып, ол жақтан үйлеріне креслоға арналған ғажайып массаж құрылғысымен емес, несие алып оралған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл массаждық таспаларды алматылық компания ұсынған, дәлірек айтсақ, олардың бірнешеуі болған. Бірақ олардың барлығы бірдей өнімді ұсынып, бір нөмірден хабарласқан.
Тұсаукесерге адамдар сыйлықтар алуға және көптеген ауруларды жеңілдететін ғажайып өнімді көруге барады. Бұл арбауға аңғал азаматтар түскен.
-Дәл сол жерде тұсаукесерде олар несие рәсімдейді. Ал бұл массаждық өнімдер 700 мыңнан 1,4 миллион теңгеге дейін барады. Содан кейін тұрғындар үйлеріне келіп, оларға презентацияда айтылған сипаттамаларға ие өнім емес, өзге тауар сатылғанын байқайды.
Алматыдағы барахолкада мына массаж құрылғылары 70-100 мың теңге аралығында. Біздің департаментке жәбірленушілерден 7 өтініш түсіп, оның 6-ы қанағаттандырылды, біреуі орындалу үстінде, - дейді Маңғыстау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаев.
Департамент қарт адамдардың арбауға жиі түсетінін айтады. Олар несие алып, аталған массаж құрылғылары ондай ақшаға тұрмайтыны анықталған соң, арыз жазады.
-Олар ақша қайтарылғанша уайымдайды. Өйткені, несие банкте беріледі, бұл айына кемінде 100 мың теңге комиссия. Алданған тұтынушылардың өзі ақшасын қайтарып алған жағдайлар болды. Бір күні бұл массаждық құрылғыларды сатып алған адамдар алданып қалғандарын түсініп, компанияның қаладағы қонақүйлердің бірінде тұсаукесер өткізетінін біліп, учаскелік полиция қызметкерімен бірге келеді. Жанжалды ауыздықтау үшін олар тұсаукесерде бірден ақшасын қайтарып берген, - деп толықтырды Рауан Мұхаев.
Алты зардап шегуші ақшаларын қайтарып үлгерген. Сомалар әртүрлі – 334 мың теңгеден миллионға дейін. Бұл сатып алғаннан кейін 14 күн ішінде тиісті орынға жүгінген азаматтар. Заң бойынша, осы уақыт ішінде сіз тауарды сатушыға қайтара аласыз.
-Алғашында адамдар компанияның атына шағым жазған, бірақ олар бас тартқан соң бізге жүгінген. Жалпы сома 4 миллион теңгеден асты. Істердің бәрін біз қазір сотқа береміз. Сондықтан бұл іс сот арқылы шешіледі, өйткені заңға сәйкес сапасыз өнім кепілдік мерзімінде қайтарылуы мүмкін. Біз бұл компанияға тексеру жүргізе алмаймыз, өйткені мораторий жарияланған, - деп толықтырды Рауан Мұхаев.
Алданған тұтынушылар өнімді гипнозға түскендей сатып алғанымен, үйде отырып-ақ есін жиғанын айтады. Басқарма алдағы апталарда компания өз өнімін таныстыруды жоспарлап отырғанын ескертеді, сондықтан ақтаулықтарды күмәнді саудаға бармас бұрын ойлануды сұрайды.