Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев жедел респираторлы вирусты инфекциялардың эпидемиялық маусымы 2022 жылдың 1 қазанынан басталғандығын мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осы уақыт аралығында зертхана арқылы тұмаудың 73 жағдайы дәлелденген. Оның ішінде 62-і ересек адамдар болса, 11 адам - 14 жасқа дейінгі бала. Ересек адамдардың ішінде 35-і жүкті әйел.
Тіркелген тұмаудың 73 жағдайының 55 жағдайы- Ақтау қаласынан болса, 14-і Мұнайлы ауданынан және 4 жағдай- Түпқараған ауданынан тіркелген.
- Өткен 2021-2022 жылдың эпидемиологиялық маусымының осы кезеңінде ТҰМАУДЫҢ 101 жағдайы тіркелген болатын. Салыстырмалы түрде аурудың деңгейі 1,4 есеге төмендегені байқалып отыр, дейді Бердібек Саралтаев.
Брифинг барысында спикер тұмауға қарсы егу үшін жыл сайын тұрақты түрде жергілікті бюджеттен қаржат бөлінетінін атап өтті. Оның айтуынша, биылғы эпидемиялық маусымға 90 000 доза «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынған. Онымен қазір облыс тұрғындарының 11,9% -ы қамтылған.
- Екпе алғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 16 527. Оның ішінде созылмалы аурулары бар балалар – 8 427. Үлкендер арасында егілгені 73 473 адам,- деді Бердібек Саралтаев.