© Суретті түсірген Т. Құсайын
Маңғыстау облысында «Вакцинация туралы айтыңыздар», «Әр дозаның маңызы бар», «Ауқымды қуып жету иммунизациясы қажет» ұранымен еуропалық иммундау апталығы өтіп жатыр. 23 сәуір басталған апталық 29 сәуірге дейін жалғасады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Абзал Сырым мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – халыққа мүмкіндігінше аурудың алдын алу жолдарын жете түсіндіру.
-Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетекшілігімен іс-шара 2006 жылдан бері өтеді. Жыл сайын сәуірдің аяғында ұйымдастырылатын апталықтың негізгі міндеті- тұрғындардың назарын иммундаудың артықшылықтарына аудару. Себебі, бүгінде екпе алу арқылы тұрғындар аурудың алдын алуға мүмкіндік алды. Елімізде вакцинациялаудың нәтижесінде соңғы онжылдықта түрлі аурудың көрсеткіші төмендеуде, - деді Абзал Сырым.
Сондай-ақ, брифингте Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев бүгінде өңірімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтты. Сонымен қатар, спикер жұқпалы аурулардың 19 түріне қарсы егу ақысыз жүргізілетінін де тілге тиек етті.
- Өңірде соңғы 10 жылда вирусты гепатит «А» ауруының деңгейі 22,3 есеге, ал вирусты "В" гепатиттің деңгейі 35,6 есеге төмендеп отыр. Вакцинациялау арқылы жұқпалы аурулардың тіркелу жағдайы азайып қана қоймай, ертеде мыңдаған балалар мен ересектердің өліміне әкеліп соққан, денсаулығына зардап келтірген кейбір аурулар қатары толығымен жойылды. Ал, облыс бойынша бүгінде ай сайынғы жоспарлы профилактикалық екпелермен қамту жұмыстары тұрақты түрде жалғасып жатыр, - деді Бердібек Саралтаев.