Ақтауда жыл басынан бері қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту орталығы арқылы 88 жас «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бағдарлама аясында жас мамандар тәжірибе жинақтайды. «Жастар практикасының» ұзақтығы 12 айдан аспайды.
- Мен мемлекеттік бағдарлама аясында 2022 жылы қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастым. Қазір мен балаларға ағылшын тілінен сабақ беремін. Жұмысым өзіме ұнайды. Бағдарлама жас мамандарға зор мүмкіндік береді, - дейді Ұлжан Дүйсенбаева.
Айта кетейік, 2022 жылы «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 209 адам жұмысқа орналасқан.
- Бағдарлама – техникалық және кәсіптік орта білімі бар, немесе жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектерге таптырмас мүмкіндік. «Жастар практикасына» оқу орнын бітіргеніне 3 жыл толмаған, жасы 35-тен аспаған адамдар қатыса алады. Олардың айлық жалақысы республикалық немесе жергілікті бюджеттен қарастырылады,- деді Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрсұлтан Черкешбаев.