Жаңаөзен қаласының 651 тұрғыны өңірлік «Жұмыс жасаймын», ал 2394 адамы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмысқа орналасты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ұлбазар Орынбаеваның айтуынша, «Жұмыс жасаймын» бағдарламасы жұмыссыздықты жою мақсатында 2021 жылы қолға алынған. Нәтижесінде аталған бағдарлама аясында жұмысқа орналасқан адам саны 2021 жылы 294 адамға, 2022 жылы 594-ке, ал 2023 жылы 651 адамға өскен.
-«Жұмыс жасаймын» жобасы аясында кәсіпкер өзіне керекті маман иесіне сұраныс жасап, өтінім білдіреді. Нәтижесінде білімі жоқ жастар жұмысқа орналаса алады. Аталған бағдарлама 3 жылға дейін созылады. Бірінші жылы жалақыны жұмыспен қамту орталығы төлесе, екінші жылы жалақының 70 пайызын жұмыспен қамту орталығы, 30 пайызын жұмыс беруші мекеме төлейтін болады. Бүгінгі таңда 38 мекемемен бірлесе жұмыс жасап жатырмыз. Мәселен, «Korkem Alem» ЖШС 133 адамды жұмыспен қамту бойынша келісімшартқа отырды. Алдағы уақытта қосымша бөлінген қаржыға байланысты тағы да 200 адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз, - деді Ұлбазар Орынбаева.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның аясында 2017 жылы 3247 жұмыссыз азамат 9 бағыт бойынша жұмысқа орналасқан. Ал, 2022 жылы бұл көрсеткіш 3455 адамға өскен. Атап айтқанда, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс, жастар практикасы, күміс жас, ұрпақтар келісім шарты, алғашқы жұмыс орны, қайтарымсыз грант, жұмыссыздарды қайта оқытып, даярлау, арнайы жұмыс орны бағыттары бойынша 2023 жылы қаңтар айынан бастап бүгінге дейін 2394 адам жұмысқа орналасқан.
Айта кетейік, бұл бағдарламалар бойынша жұмысқа кірген азаматтар бір жыл жұмыс істеп, келесі жылы да бағдарлама аясында жұмысын жалғастыра алады. Мәселен, 48 жастағы Жаңаөзен қаласының тұрғыны Майрагүл Сүгірова қоғамдық жұмыс бағыты бойынша жұмысқа орналасқан. Ол өзінің 3 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны туралы айтады.
- Мен «Өзен Инвест» ЖШС-не бақылаушы ретінде жұмысқа орналастым. Бағдарлама аясында келісімшартқа отырып, 3 жылдан бері қызмет етіп келемін. Қазіргі таңда жалақымды ай сайын алып отырмын, - деді Майрагүл Сүгірова.