6 маусым күні Мұнайлы ауданында қызылша ауруын жұқтырған 3 адам тіркелді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, бүгінгі күні республика бойынша қызылша ауруына күдікті 2 192 адам тіркеліп, 939 жағдайда нақты дәлелденген. Атап айтқанда, Алматы қаласында- 548, Атырау облысында – 69, Астана қаласында – 49, Жамбыл облысында – 61, Шымкент қаласында - 44 жағдай тіркеліп, зертханалық дәлелденген.
- Соңғы рет облыста аурудың өршуі 2015 жылы-292 жағдай, 2019 жылы – 1 422 жағдай және 2020 жылы – 361 жағдай тіркелген. Қазіргі уақытта қызылша ауруының алдын алу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр, - деді Бердібек Саралтаев.
Брифинг барысында
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөлім меңгерушісі Гүлбану Нұржанова қызылша ауруынан кейін асқынулар болуы мүмкін екенін айтты.
-Қызылша – жедел ағымды жүретін, ауа – тамшылы жолмен жұғатын вирусты жұқпалы ауру. Ауру дене қызуының көтерілуімен, 2-4-күндері теріге ақшыл қызыл түсті бөртпелердің шығуымен, жоғарғы тыныс жолдарының, ауыз-жұтқыншақ қуысының және көздің шырышты қабықшаларының қабынуымен басталады. Қызылша ауруы асқынып кетсе, отит, пневмония, энцефалит, 2 жасқа дейінгі ауырған балалар арасында бірнеше жылдардан соң панэнцефалит дамуы мүмкін, - деді Гүлбану Нұржанова.
Сондай-ақ, спикер қызылша вирусы науқас адамнан дені сау адамға ауа – тамшылы жолдармен, яғни, сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде және мұрыннан, жұтқыншақтан бөлінген бөлінділер арқылы тікелей және тікелей емес қарым-қатынаста жұғатынын айтады.
- Қызылша ауруымен ауырған науқас – қоршаған ортаға бөртпелер шыққанға дейінгі және бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күн ішінде өте қауіпті. Вирусты жұқтырғаннан кейін ауру 7 – 18 күннен соң дамиды. Қызылша ауруынан қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Вакцинаның алғашқысы 1 жаста, екіншісі 6 жаста салынады. Вакцинациядан кейін адамда ауруға қарсы тұратын иммунитет қалыптасады. Сондықтан балаға уақытында екпе алу маңызды, - деді Гүлбану Нұржанова.
Айта кетейік, ҚР бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 14 наурыздағы №1 қаулысына сәйкес биыл 1 жастан 17 жасқа дейінгі адамдардың екпесіне ревизия жүргізілген. Нәтижесінде биыл 1 наурыз бен 31 мамыр аралығында 2 019 адам ғана екпе алса, қызылшаға қарсы екпе алмаған және егу мәліметтері жоқ 16 514 адам анықталған.