Ақтаудағы №1 мектебі түлектерінің ата-аналары редакциямызға жүгінді. Олар 29 желтоқсаннан бері балаларын ҰБТ тапсыруға тіркей алмай жатқанын айтады. Ата-аналардың сөзінше бұл мектепті биыл аяқтайтын 114 түлектің тек жиырмасы тіркеліп үлгерген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«29 желтоқсанда ҰБТ тапсыруға өтініш беретін тест орталығының сайты ашылды, бірақ сол күннен бастап сайт үнемі бос орындардың жоқ екенін көрсетіп тұр. Яғни, тіркелу мүмкін емес. Мысалы, бүгін 18:30-да қосымша орындар ашылады деп хабарлағанда, сол уақытта сайтқа кірсек те, тіркеле алмаймыз. Менің естуімше, басқа мектептерде ешкім өтініш бере алмаған, өйткені мәселе сайтта болып тұр», - деді ата-аналардың бірі.
Сонымен қатар, ата-аналар сайтта көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалу мүмкін емес екенін айтып отыр.