Ақтауда әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасына шақырылған жас жауынгерлер салтанатты түрде әскери ант қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Биыл көктемде Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Ақтөбе облыстарынан әскерге шақырылған 200-ден астам сарбаз Отан қорғауға ант берді.
Салтанатты шараға Қарулы Күштердің ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, Ақтау гарнизоны бригадаларының командирлері, жауынгер аналар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ жауынгерлердің туыстары мен жақындары қатысты.
Бригада командирі подполковник Марат Құдабаев әскери қызметшілерге Әскери анттың жауапкершілігі мен міндеттін еске салды.
"Әскери ант – жауынгерлердің еліне, халқына адалдығын білдіретін серт. Ант бір рет беріледі, бірақ өмір бойы ұстанады. Әскери ант мәтінінде сөздер аз, дегенмен оларда терең мағына бар. Әрбір жауынгер соны қабылдай отырып, өзіне әскери қызметтегі міндеттерді жүктейді. Жауынгер қолбасшыларының, жолдастарының, туған-туыстары мен достарының алдында қасиетті ант сөзін айтқан сәттен бастап Отанының толыққанды қорғаушысына айналады!» - деді Марат Құдабаев.
Әскерге шақырылғандар бір айлық қызметте жас сарбаз курсын аяқтап, өздері қызмет ететін әскери бөлімнің тарихы және дәстүрімен танысты. Техника мен қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын, жауынгерлік іс-әрекет негіздерін, мемлекеттік-құқықтық және өртке қарсы дайындықтарды үйренді.
Салтанатты шара барысында ата-аналар тарапынан да жылы лебіздер айтылды. Ант берушілердің туыстары мен жақындары атынан әскерге шақырушының анасы Наталья Полоз сөз сөйлеп, жігіттерге шыдамдылық, батылдық, рух пен күш-қуат, жігер мен оптимизмді жоғалтпай қызмет етуді тіледі.
Қонақтарға әскери бөлімнің казармалары мен асханасы, қару-жарақ пен әскери техника үлгілері, қоян-қолтық ұрыс элементтері, қару-жарақпен дефиле көрсетілді.
Әскери ант қабылдау рәсімінің салтанатты жиыны аяқталған соң әскери бөлім қолбасшылығының офицерлері әскери қызметшілердің ата-анасымен әңгімелесіп, барлық сұрағына жауап берді. Сондай-ақ туыстары мен жақындарына командалық телефондарды хабардар етті.
Қорытындылай келе, жас сарбаздар алғаш рет қалаға жіберілді.