Ұлттық ұланның Ақтау қаласында орналасқан 6656 әскери бөлімінің жауынгерлері екі тұрғыннан есірткі тапты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оқиғаның бірі 22 наурыз күні болды. 6656 әскери бөлімінің әскери жасақ бастығы қатардағы Асыл Жұматов серіктестері Дәурен Ғұмаров және Ерасыл Рахметовпен бірге белгіленген аймақта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүреді. Кешкі сағат 21:30 шамасы кезінде, қала көшелеріндегі көпқабатты үйдің маңында тұрған белгісіз азамат әскери жасаққа күдік туғызады. Әскери жасақ кезекшісі күдікті азаматтың қасына барып өзін таныстырып, сыртқы тінту жұмыстарын жүргізеді. Тексеріс аясында күдіктінің сырт киімінің қалтасынан қағаз бумасына оралған өткір иісі бар есірткі заты табылды. Ұландықтар күдіктіні Ақтау қаласының полиция басқармасына жеткізеді. Істің мән-жайын анықтау барысында күдіктінің осыған дейін ҚР ҚК 296 бабы бойынша тіркелгені анықталды.
Тағы бір оқиға 23 наурыз күні болды. Қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде әскери жасақ бастығы қатардағы Алексей Алексадрович өзінің серіктестері Арсен Амангелдиев, Азат Кенжешов және полиция қызметкерлерімен бірге қала тыныштығын қадағалауға шығады.
Шамамен кешкі уақытта ұландықтарға қаладағы үйлердің біріндегі азаматты ұстау және тінту үшін көмек керек екендігі туралы ақпарат келіп түседі. Оқиға орнына барған ұландықтар полиция қызметкерлері мен бірігіп, тінту жұмыстарын жүргізеді. Тінту жұмыстары аясында ұсталған азаматтың пәтерінен жалпы салмағы 44 грамм болатын есірткі заты тәркіленеді. Ұсталынған азамат ұландықтардың көмегімен Ақтау қаласының полиция департаментіне жеткізілді.
Осылайша ел айбыныңа айналған Ұлттық Ұлан қызметкерлері қала тыныштығын сақтау барысында қырағылық үлгілерін танытып, өз қызметтерін жоғары деңгейде атқарады.