10-20 мамыр аралығында республика көлемінде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Шараға Маңғыстау облысы бойынша барлығы 930 қызметкер жұмылдырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ПД сілтеме жасап.
Шара қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге, жол қозғалысына бақылауды күшейтуге, жол-көлік оқиғалары мен құқық бұзушылықтардың, қылмыстың алдын алуға бағытталған.
- ЖПІШ басталғалы төрт күн ішінде облыста патрульдік полицейлер мас күйде көлік құралын тізгіндеген он бес жүргізушіні ұстады. Құқық бұзушылар әкімшілік кодекстің 608-бабымен жауапкершілікке тартылып, автокөліктер айыптұраққа жабылды. Сондай-ақ, көлік құралын басқару құқығынан айырылған бес азамат анықталды. Ал төрт жүргізуші ҚР ӘҚБтК-тің 596-бабы 3-бөлігінде көрсетілген талаптарды бұзған, - делінген хабарламада.
Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу бойынша 117 дерек тіркелді. Аталған құқық бұзушылықтың басым бөлігі Жаңаөзен қаласында болған.
Маңғыстау облысы полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды заңмен белгіленген ережелерді қатаң сақтауға шақырады. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті.