© Талант ҚҰСАЙЫН
Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылы елдімекенінен 15 шақырым жердегі Қарақұдық лагерінде малға су тапшы. Осыған байланысты шаруашылық иелері сәуір айында қазылуы тиіс су ұңғымасының жұмысы әлі күнге жүргізілмей жатқанын айтып, шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм арнасына шағымын жеткізген жазба иесінің айтуынша, шаруашылық иелері кейінгі 2-3 жылда аудан әкімдігіне мал шаруашылы үшін су құдығын қазып беруін өтінген. Сол кездесуде әкім сәуірдің сегізі күні су ұңғымасын қазуға қатысты тендер ойнатылып жатқанын айтқан.
- Кейін хабарласқанымызда 3 су ұңғымасын қазуға қатысты тендерді Атырау мердігер компаниясы ұтып алғанын айтты. Қазір су құдығы қай уақытта қазылатыны жөнінде тұшымды жауап ала алмай отырмыз. Маңғыстау ауданы тұрғындарының атынан малға су тапшылығына байланысты тезірек су ұңғымасын қазып беруін өтінеміз, - дейді тұрғын.
Маңғыстау аудандық тұрғын үй-коммуналдық, шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сөзінше, су ұңғымасын қазуға қатысты конкурстың қорытындысы жақында шығады.
- Тереңдігі 100метр су ұңғымасын қазу бойынша конкурсқа 7 мекеме қатысты. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ашық конкурсқа өтінімдерді қабылдау 30-ыншы наурызда аяқталды. Сәуірдің 17-і күні конкурсқа қатысушылардың құжаттары тексеріліп, нәтижесінде «ГеоПроект» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Алайда басқа компаниялар конкурс нәтижесімен келіспей, кері шағымданды.
«Қаржы министрілігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті" РММ-сі жасалған кері шағымды қарау барысында конкурс нәтижесінің қорытындысы дұрыс екендігін анықтап берді. Бұл шыққан қорытындағы шағымданушы тараптың тағы да келіспеуіне байланысты конкурс қорытындысының мерзімі ұзарды. Қазір конкурстың мәртебесі сапаны бақылау шешімін күтіп отыр, - деп жауап берді аудандық тұрғын үй-коммуналдық, шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары.