Ақтауда 16 шағынаудан тұрғындары өздері тұратын аумақтағы автокөлік жолдарының бірнеше жылдан бері салынбай жатқанына шағым білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл мәселеге қатысты Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің өкілдері құрылыс жұмыстары биыл жаз айында басталатынын жеткізді.
«Қазіргі таңда «16 шағынауданның ішкі инженерлік желілерін, автомобиль және жаяу жүргіншілер жолын салу» бойынша жұмыс жобасы әзірленді. Осыған қатысты тиісті сараптаманың оң қорытындысы алынды. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде тиісті жұмыстарын жүзеге асыратын мердігер мекеме ретінде «Альянс LTD» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Бірақ аталған мекеме мамандары, инженер-геодезистер, тиісті коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерімен жобаны зерделеу кезінде жеке тұрғын үй салушы компаниялар инженерлік желілерді өз бетінше жүргізгендері анықталды", - деді қалалық құрылыс бөлімінің мамандары.
Сонымен қатар, мамандар аталған шағынауданда кейбір тұрғынүйлердің жер телімдерінің құжаты заңдастырылмаған көрінеді.
"Сонымен қатар, кейбір үйлердің тиісті жер құжаттары рәсімделмегені анықталды. 16 шағынаудан бұрынғы тас өндіретін карьердің орны екені өздеріңізге белгілі. Мұндағы жер рельефтері әр түрлі болуы инженерлік желілерді жүргізуге кері әсерін тигізіп отыр. Осыған орай, жобаны қайта қарап, тиісті түзету жұмыстарын енгізу қажеттілігі туындады. Яғни, жер рельефтерін тиісті деңгейге көтеріп, барлық желілерді жүйелендіріп, апаттық жағдайлардың алдын алу және алдағы уақытта тұрғындарды тұрақты су, жылу, тоқ жүйесімен қамтамасыз ету шаралары қаралу қажет. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың III тоқсанына дейін басталады. Аталған мәселе Ақтау қаласы әкімдігінің жіті бақылауында тұр", - деді қалалық құрылыс бөлімінің өкілдері.