Сайөтес ауылдық округіне қарасты Боздақ елдімекеніндегі қосқабатты ескі төрт үйдің жөндеу жұмысы басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша «Armako LTD» ЖШС жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда компания төрт үйдің шатырын ауыстырып, сыртқы қабаты мен барлық кіреберіске (подъезд) толықтай сылақ жұмыстарын жүргізді. Кіреберістердің есігі ауыстырылып, ішіне жарық орнатылды.
- Сондай-ақ Сайөтес ауылындағы жөндеуді қажет етіп тұрған 15 үй де жаңаратын болды. Салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған Сайөтестегі көппәтерлік 18 үй әбден тозығы жетіп тұрған еді. Енді соның 15-і жөндеуден өтеді, ал үшеуі апатты жағдайда деп танылды. Бұл үш үйдің тұрғындарына жаңа баспана тұрғызылады, - деді Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, былтыр ауданның 95 жылдығы аясында Шетпеде тозығы жеткен 22 үй жөнделген.