25 наурыз күні Ақтау қаласында асық ату мен бес асықтан 2008-2010, 2011-2013 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы алғашқы ҚР чемпионаты басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спорттық сайысқа Ақтау қаласы әкімі Ұлықбек Тінәлиев, Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш, республикалық асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сайын Назарбек және Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев пен спортсүйер қауым қатысты.
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев ұлттық спорттың халықтың сана-сезімі мен болмысында намыс пен рухты оятатын маңызды күшке ие екенін айтып өтті.
Алғаш рет өткізіліп отырған дүбірлі додаға барлық өңірден 300-ге жуық ойыншы қатысып жатыр.
«Жарысты Маңғыстау жерінде өткізудегі мақсат - ұлттық ойынды өзге де өңірлерге насихаттап, шәкірттеріміздің бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру. Сондай-ақ бұл чемпионат бірінші рет бірлескен түрде өтіп жатыр. Өйткені, биыл Астанада V Көшпенділер ойыны өтеді. Одан өзге Әлем чемпионаты жоспарланып отыр. Сонымен қатар ұлттық спортқа қатысты кешенді үш жарысымыз тағы бар, - деді Жомарт Сабыржанов.
Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш облысымыздан қатысып жатқан ойыншылардан зор үміт күтетінін айтты.
- Маңғыстау облысы осындай жауапты жарыстарды қабылдау арқылы өңірдің ұлттық спортын дамытуға мүдделі. Мәдениетімізді, тілімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптеуде ұлттық спортымыздың маңызы зор. Айта кету керек, өңірімізден қатысып жатқан командалар - ең жас команда. Бұл додада әлсіз команда жоқ, біздің командаға да оңай болмасы анық. Бірақ, біз жергілікті командадан зор үміт күтеміз, - деді Мақсат Мұқаш.
Сондай-ақ, ҚР асық ату чемпионатында топ жарған қатысушыларға қаржылай сыйақы қарастырылған.
- Бұл доданың бір ерекшелігі тек команда емес, жекелей де марапатталатын болады. Жарыста жеңіске жеткен қатысушылар ақшалай сыйақы алады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медальдармен марапатталып және ұлттық құрама сапына кіреді, - деді Ілесбай Омаров.
Айта кетейік тартысты дода жеті күнге созылады. 30 наурыз күні жарыстың жеңімпаздары анықталады. Келем деушілерге Ш.Есенов спорт кешеніне кіру тегін.