Астана қаласынан бастау алған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қарақия ауданының Жетібай станциясына келіп аялдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Пойыз құрамында 40 маман – медицина қызметкерлері, медиаторлар мен заңгерлер бар. Дәрігерлік құрамда терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы тәжірибелік дәрігер, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, педиатр, онколог-маммолог, гинеколог және уролог мамандары бар. Қажет болған жағдайда мамандар шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама береді.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның бастамасы бойынша биылғы жобаға кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер қатысады. Олар халыққа тегін медиативтік және құқықтық көмек көрсетеді, сондай-ақ азаматтардың зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу туралы сұрақтарына жауап беруге көмектеседі.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Жетібай станциясында 13-15 мамыр аралығында аялдайды. 09:00-18:00 аралығында тұрғындарды қабылдап, тегін қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, Қарақия станциясында 16-18 мамыр күндері сағат 09:00-18:00 аралығында тұрғындарды қабылдайды.