Маңғыстаулық дәрігерлер жол апатынан ауыр ми жарақатын алған 7 жасар оқушыға ота жасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оқиға 9 мамыр күні Бейнеу ауданында болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің айтуынша, 7 жасар қызға ашық ми жарақаты және маңдай сүйегінің ішке еніп сынуымен Бейнеу аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Науқас бірден жансақтау бөліміне жатқызылды.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының нейрохирург-дәрігері Ербол Кенжевалов 9 мамыр күні санавицация желісі арқылы балаға шұғыл операция жасау үшін Бейнеу ауданына барды.
- 7 жасар баланың жағдайы ауыр дәрежеде екені белгілі болып, санавиациямен Бейнеуге келдік. Баланың толық жағдайын тексердік. Мидың ауыр ашық жарақаты. Оң жақтағы фронтальды сүйектің көп сынуы. Маңдай аймағының геморрагиялық контузиясы. Субдуральды гематома. Пневмоцефалия. Травматикалық және 3 дәрежелі шок, 1- дәрежелі кома. Сағат түнгі 23:30 шамасына операцияға алдық, ота уақыты 01:20-да аяқталды, - деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері Ербол Кенжевалов .
Айта кетейік, 3 сағатқа созылған операцияны жасауға нейрохирург Ербол Кенжевалов, хирургтар Сұңғат Батыров, Нұрболат Сүлейменов, анестезиолог Айбек Нурмағамбетов, мейірбике Ақжонас Ракашова, анестезистка Гүлзада Жарасова қатысты.
Қазіргі таңда баланың есте сақтау қабілеті өз орнында. Тігістері бір қалыпты. Денсаулық жағдайы дәрігерлердің толық бақылауында.