Бүгін Ақтауда бірнеше шағын аудан тағы да сусыз қалды. Таң атқалы облыс әкімдігінің телеграм арнасында қала тұрғындары шағымдануда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Телеграм арнаға қаланың сегіз шағын ауданында ауыз судың жоқтығы туралы хабарламалар келді.
- Қайырлы таң. Тағы да ауыз су жоқ. Себебі неде???
- Қайырлы таң. Неліктен 15-54 ауыз су жоқ? Енді қашан бересіз?
"Каспий жылу, су арнасы" МКК хабарлағандай,13 шағын ауданның 15 үйінің ауыз су құбырында ақау шығуына байланысты су беру уақытша тоқтатылған.
- Ақауды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. 13 шағын аудан, 15 шағын ауданның 45-тен 47-ге дейін, 50, 53-тен 56 А және б-ға дейінгі, 65,69,70 үйлері шектелген. Сондай-ақ 17, 18, 18а, 19 шағынауданы, 20 шағын ауданның 5,7,8,18, 19 үйлері, 20а шағынауданның 21,21/1 үйлерінде де ауыз суберу уақытша шектеулі, - деп нақтылады мекемеде.