Маңғыстау облыстық мәслихатының VI кезектен тыс сессиясында Маңғыстау облысының 2023 жылға арналған бюджеті нақтыланды. Сессияға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев, облыстық басқармалардың басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері, сондай-ақ мәслихат төрағалары қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сессияда экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Альбекова 2023 жылы жергілікті бюджет екі рет нақтыланғанын және облыс шығындарын бағалау қорытындысы бойынша 470 млрд теңгені құрағанын атап өтті.
Оның ішінде жергілікті бюджет субвенциямен бірге 374 млрд. теңгені, республикалық бюджеттен берілетін трансферттер мен кредиттер 96 млрд. теңгені құрады.
Бұл қаражат өңірдің әлеуметтік саласына, сумен жабдықтау жүйесін дамытуға және жаңғыртуға, сондай-ақ өңірдің инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Сессияда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты игерудің маңыздылығын атап өтті.
«Сумен жабдықтау мәселелерін шешу біздің басымдықтарымыздың бірі. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты игеру-бұл біздің стратегиялық мақсаттарымызды іске асырудың негізігі көзі. Жыл басында бюджеттің әртүрлі деңгейлерінен бөлінген қаражатты игеру үшін біздің аймақты неғұрлым дамыған және өмір сүруге ыңғайлы етуге барынша күш салу қажет. Ресурстарды тиімді пайдаланудың маңыздылығы алдағы жылы біздің басымдығымыз болып қала береді», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.