© Ақорда
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың жаңа басшысына маңызды міндеттер жүктеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Нұрдәулет Қилыбайға өңір экономикасын әртараптандыруды, соның ішінде жаңа өндіріс орындарын ашу және дамудың тың бағыттарын қолға алу керек екеніне назар аударуды, туризм, құрылыс, көлік-логистика салаларын өркендетуге айрықша мән беруді тапсырды.
Мемлекет басшысы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті.
Облыс әкіміне Ақтау қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерді жылумен, ауызсумен қамтамасыз етіп отырған МАЭК және «Каспий жылу, су арнасы» кәсіпорындарының балансындағы инфрақұрылымды жөндеу, жаңғырту жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Сондай-ақ өңірдегі су тапшылығын жою үшін «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын арттырып, жеке инвестициялар есебінен қосымша сумен қамтамасыз ету нысандарын іске қосуды міндеттеді.