Маңғыстауда кәсіби би өнерінің жарқын өкілдерін сөз еткенде Серік Сариев есімі ерекше аталады. Бұған басты себеп – дегдар талант, тумысынан дарыған қасиет пен еңбекке ерен құлшыныстың бір адамның бойында тоғысуы дер едік. Би өнерін кәсіби биікке өрлеткен сырбаз мінез Серіктің сыр сандығын ақтарып, арқайын пікірлесудің сәті түскен еді. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынамын.
-Серік мырза, алдымен би әлеміне қадам басқан жастық шағыңыз жөнінде әңгімелесеңіз. Бала күніңізде би өнеріне бейім екендігіңіз қалай байқалды?
– Биге құштарлық бойымда бүр жарған бала кез еміс-еміс есімде. Жиын-тойда елден ерек беймәлім сезім жетегінде әуен ырғағына ілесе билеп жұрт назарын жалт қаратуға тырысатынмын. Бала болып алысып-жұлысып ойнауды білмедім. Оңашада қиялға ерік беріп, ойға батып отыратын кездерімді анам да жиі айтатын. Мен Үнді фильмдерінің «фанаты» едім. Әйгілі Болливуд әртістерінің суреттерін газет-журналдардан жинақтап, бос уақытымды қат-қабат дәптер бетіне қиындылардан коллаж құрастыруға арнайтынмын. Өрнегі ерек ән әуезіне ене білуге, би ырғағын игеруге әуестігімді ерте байқаған музыка пәнінің мұғалімі Хамит аға еді. Жетінші сыныптан бастап мектептегі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру алқасының белсенді мүшесіне айналдым. Бойымдағы қабілеттің толық деңгейде көрініс табуына ата-анам мен өмір жолымда кезіккен жандардың ықпалы зор болды. Би әлеміне бет бұруым, ең алдымен, Алланың бұйрығы екеніне шүбәсіз сенемін. Пешенеме жазған пенделік дүниедегі ең дұрыс таңдауым осы деп білемін. Мұны ерте бастан ұғынуым да тектен-тек емес еді. Осы кәсіптен көксегеніме қол жеткізе аларыма селкеусіз сенім артқан ата-анама алғысым шексіз. Осы күні әке-шешенің ақ батасы нендей қиындықты да төпеп өтер тегеурінді күш екені түйсінгендеймін. Шын ниет еткен жанның ісін Алла оңғарады емес пе?! 1994 жылы 9-сыныпты тәмамдап, өнер колледжіне түсуді ұйғардым. Сол жылы бағыма орай колледж қабырғасында би факультеті ашылды. Мен сол факультеттің тұңғыш түлегімін.
– Би өнерімен айналысатын ер-азаматтар сирек кездеседі. Сіздің мансабыңызға осы жайт қалай әсер етті?
– Маңғыстауда кәсіби би мәдениеті 70-жылдардан бастау алады. Түбектегі қазақ би өнерінің тарихы хореограф мамандығын меңгерген, би өнерінің алғашқы қарлығашы Айгүл Андасбаева есімімен тығыз байланысты. Бұл, әрине, бұған дейін түбек жұртында би өнері болмады деген сөз емес. Әуесқой деңгейде әрі өзге ұлт өкілдерінен шыққан бишілер болды. Кейін 80-жылдардың орта шеніндегі би өнеріне қатысты деректерде Құрықтың тумасы Талғат Бекхожиев есімді арнайы білім алған қазақ азаматының ізі айқын көрінеді. Сондықтан өзімді бекзат өнердің ілкі бастауындағы өнерпаздар жолын жаңа ғасырда лайықты жалғаған жан деп санаймын.
Әрине, сіздің сөзіңіздің жаны бар. Би өнері саласында биік асуларды бағындыруыма ер-азамат болғаным да үлкен рөл ойнады. Өнер соның ішінде би өнерінде әйел адам бетпе-бет келетін кедергілер көп. Ожар қылық пен селкеу сөзден бойын аулақ салғысы келеді. Ал мен өз таңдауыма берік болдым әрі өз дегенімді жасай алдым. Себебі бойыңда жанкешті әрі табанды еңбекке ерік-жігерің жетпесе, төгілген тер текке кеткені деп білемін.
-Сонда сіздің ойыңызша, өнер құрбандықты талап ете ме?
– Өз ойым өнерге жан-тәніңмен берілсең ғана өнер көгінде жұлдызың жануы мүмкін. Би өнерінде биік талғаммен дараланып, көп ішінен сүрлеуіңді табу – шынайы талантқа бұйыратын бақ. Өнерге бүкіл өміріңді арнасаң да аздық етеді, ал өнер айдынында қолтабаңды қалдыру үшін кәсібіңе адалдықтан еш айнымауың шарт. Үздіксіз ізденіс, іркіліссіз ілгерілеу мен еселі еңбекке иек артсаң ғана жан-жақты толысқан мәдениет қайраткері болып қалыптасасың. Би – өнер саласының бір төресі. Жаһандық мәдени кеңістікке ену, әлемдік сахнада ұлт мәдени мұрасын дәріптеу арқылы биік беделге ие болу үшін сан салалы өнер синтезін бойыңа сіңіруің қажет. Бұл дегеніміз – туған өлке мен ұлт тарихын тереңнен зерделеу, халықтың саз өнерін саралауда аймақ ерекшелігін ескеру, ұжым шығармашылығын кәсіби деңгейде насихаттау үшін жетік коммуникативтік дағдыларды игеру, ең кемі медианың маркетингтік құралдарын меңгеру. Көркемдік жетекші болу ізденіс пен тәжірибе негізінде идея пайда болғаннан бастап ұйымдастырудың барлық сатысынан өтетін продюсерлік қызметті үйлестіру деген сөз.
– Жорға би ұжымы және кәсіби сахнадағы алғашқы қадамы жайлы айтасыз ба?
– Колледж қабырғасында бізді би ұжымының жетекшісі мамандығына даярлады. Би композициясын музыкалық сүйемелдеу, жан толғанысын би қозғалысымен жеткізу теориясын терең меңгердік. Мен 1995 жылдан бастап әнші Гүлнара Макинаның қанатының астында қызмет еттім. Гүлнара ханым – мені кәсіби өнерге жетелеген, өнегесімен есте қалған аяулы жанның бірі. Ол менің шығармашылық шыңдалуыма барлық мүмкіндікті жасады. Сол кезеңде би ұжымын басқару, сахналық костюм эскиздерін сызудың қыр-сырын меңгердім. 1997 жылы Мәдениет саласының үздігі Ольга Хныкинаның шақыртуымен Абай мәдени-демалыс кешеніне қызметке орналастым. Осы кезден балаларды би өнеріне баулу ісіне бет бұрып, жақсы нәтижеге ниет етіп, ден қойдым.
Мен мансабыма қатысты мына қағидаға иек арттым: «Өз атымды шығару үшін аянып қалмауым тиіс, себебі уақыт өте ол ат маған қызмет етеді». Жанкешті еңбек көп ұзамай өз жемісін берді. Мәдени ортада таныла бастадым. Жорға. Ұжым атауын ішкі түйсігіме сүйеніп таңдағаным рас. Бала күнімнен жылқы түлігіне үйірсек болып өстім. Бір қызығы, ауылдағы үйдің қорасында жылқыдан өзге түліктің бәрі болды. Жүген-құрық тимеген асауды жуасытқан сәтін алыстан сүйсіне бақылайтынмын. Енді бағамдасам асау аттың арынынан бойымда бұғып жатқан бұла мінезбен байланыс іздеген екенмін. Жылқы жануарын ерекше ұнатамын дедім. Сондықтан бұл атау жас ұжымның төрт аяғын тең басқан Жорғадай желпіп, топтан оза даралануына ішкі тілеулестіктен туған еді.
Алғаш рет 2000 жылы қалалық «Спорт және музыка» би байқауына қатысып, киелі сахнада өнер көрсеттік. Айтып өтер дүние, әуесқой-көркемөнерпаздық кезеңді абыроймен еңсеріп, толымды тәжірибе негізінде 2013 жылы кәсіби би ұжымы ретінде құрылған «Жорға» бүгінде екі бағытта қызмет атқарып келеді: өңірде би өнерін өскелең өрендерге өсиеттеу ісінде «Жорға» би мектебінің орны ерек. Ал кәсіби би ұжымы бүкіл Маңғыстау бойынша кез келген мәдени іс-шараның бас-аяғында жүретін бірегей ұжым ретінде танылды. Осы күнге дейін 23 мемлекетке сапарладық. Республикалық деңгейде авторлық репертуары басым әрі сан салалы, жалпы хореографиялық өнердегі жанрлық дамудың өрістеуіне жол ашып келе жатқан таланттар шоғыры деуге толық негіз бар. Бүгінге дейін бишілердің бірнеше толқыны ауысып үлгерді. Әрбірі өзіндік ерекшелікке ие. Бүгінде «Жорға» ұжымы би өнерінің барлық биігінен көрініп, мектеп түлектері өңір мен республика аумағында, халықаралық деңгейдегі өнер ордаларында өз жолын салып келеді.
-Серік мырза, сізді көпшілік кәсіби хореограф ретінде таниды. Алайда соңғы жылдары түрлі деңгейдегі мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруда режиссер ретіндегі шеберлігіңізге куә болып келеміз. Осы және бұл бағыттағы өзге де жобаларыңыз жөнінде баяндасаңыз?
– Мол шығармашылық тәжірибеме сүйеніп, облыс аумағындағы мәдени-бұқаралық қойылымдардың, театрландырылған концерттік бағдарламалардың, мәдени іс-шаралардың режиссурасына батыл араласуға бел будым. Бұл бағытта арнаулы білімім де бар. Өнер саласы синтездік түрлерге бай. Өнердің сан иірімді жанрларын интеграциялау мен өмірлік бай тәжірибе және шығармашылық ұшқыр қиял үйлесімінен тартымды туындылар өмірге келеді. Сондықтан режиссердің ұлт әдебиеті тұнығынан сусындаған, көркемдік идеясына өзгені еліте білетін, сахна заңдылықтарын шебер меңгерген маман болуы шарт. Сонда ғана көркемдік бейне арқылы көрермен ойына қозғау салатын келісті дүние туады. Соңғы жылдары облыс аумағында жүзеге асқан түрлі ауқымдағы мәдени-бұқаралық іс-шаралар жұртшылықтан жоғары бағасын алды. Бұл – соның дәлелі.
Соңғы жылдары қазақ би тарихындағы тұңғыш балет бишісі, ұлттық-сахналық биді насихаттаушы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Тапалова мен қазақ сахнасында кәсіби би өнерінің негізін қалаушы Шара Жиенқұлова шығармашылығы жайлы мұрағат құжаттарынан жинақталған мол мағлұматты жұртшылыққа насихаттау мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, деректі фильмдер жарық көрді. Алдағы уақытта қазақ би өнерінің бастауында тұрған жарқын бейне, балетмейстер Алмас Бекбосынов шығармашылығы мен өмірбаянына арналған іс-шаралар легі жоспарлануда.
Өнер табиғатын түйсіну үшін өткен тарихын ой-парасат көзімен барлау маңызды. Би өнерінің бастауында тұрған өрен тұлғалардың есімі мен мәдени мұрасын ұрпақ жадында жаңғырту – мен үшін мәртебелі міндет. Себебі өткенге әділ баға беру әрі құрмет тұту арқылы болашақ үмітпен қараймыз. Бекзат өнердің тарихи болмысын сақтап қалу, өз өнеріңнің өміршеңдігін ой елегінен өткізу үшін ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі тиіс.
-Көрерменге ұсынған концерттік бағдарламаларда бишілер костюмі ерекше көзге түседі. Сахналық костюмдердің эскизін сызу кімге жүктеледі?
– Би – ұлт болмысын бейнелейтін бекзат өнер. Төл аспаптың көмейінен төгілген қоңыр саз бен қолөнер бұйымдары және ұлттық киім үлгілері сахна төрінде үйлесім тауып, көрерменге көркемдік-эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, тағылымды, мазмұнды ой тастауы маңызды. Әртістік шеберлік пен орындаушылық қабілет би қойылымының әсерін еселеп күшейтіп, айрықша сезім сыйлайды. Кәсіби білікті биші тек орындаушы ғана емес автор бола алуы тиіс. Қалай десек те алқалы топ алдына жарқ етіп шығу – үлкен жауапкерлік. Сондықтан би композициясын құрылымдауда сюжеттен бастап, қойылым толыққанды болуы үшін сахналық бейнені киім арқылы сомдау, музыкалық сүйемелдеуге дейінгі сан алуан сала өкілдерінің ортақ синтезін рухани шөліркеген жан сая табардай қиыстыру міндет. «Кеңесе пішкен тон келте болмас» деген тәмсіл бар емес пе? Қай кезде де кәсіби білікті мамандардың құнды кеңесіне құлақ түруді жөн санаймын. Көркем образ жайлы көрермен көзқарасын қалыптастыратын басты дүние – сөзсіз оның сырт келбеті мен сахналық костюмі. Сондықтан сахна эстетикасына қызмет ететін тігінші сюжет желісі мен саз сарыны жайлы нақты әрі дәйекті ақпаратпен сусындауы тиіс. Сонда ғана талғам биігіндегі киім үлгісі туады.
– Сіздің өңір мәдениетіне сіңірген еңбегіңіз зор. Алдағы уақытта арнайы шақырту болса Астанаға қоныс аударуға қатысты ойыңыз қандай?
– Мен туған өлкемнің мәдениет саласының дамуына сіңірген еңбегімді өнердегі миссиям деп бағамдаймын. Мен үшін Маңғыстау – өнер ордасы, бабадан жеткен бағзы өнерді өз биігінен аласартпай, ұлт тарихы бедерленген құнды жәдігерлерді көз қарашығындай сақтап келген киелі өлке. Мен өз шығармашылығым арқылы өңірдің мәдени мұрасын сақтау әрі дамытуға бар күшімді салып келемін. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Бүгінде кең көлемді жобалар аясында мүйізі қарағайдай мәдениет қайраткерлерінің Маңғыстау төрінде бас қосуы өңір мәдениетінің рухани кеңістігінің өрістеуіне жол ашып келеді. Өңірдің мәдени жетістіктері халықтың жан сарайын нұрландырып, ұлттық өнердің өріне ұмтылысын айғақтап жүр. Мен бұл үрдістің тұрақты сипат алуына әлі де болса еңбек етемін. Атқарылған жұмыс аз емес, алайда алда қыруар іс күтіп тұр.
– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Мен әдетте ерте тұрамын. Жаңа күнге қадам алғыс айтудан басталады. Жан мен тән тазалығына аса мән беремін. Дамылсыз жұмыс арасында бір сағат мызғып алуды әдетке айналдырдым. Кешқұрым теңіздің саф ауасын сіміру сана-сезімімді сергітеді, бойға қуат дарытады. Табиғатпен етене сырласу идеяларды дамытуға, кей сәттерді ой безбеніне салып, салмақтауға мүмкіндік сыйлайды.
- Сыр-сұхбатыңызға рақмет. Сәттілік серігіңіз болғай.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
«Маңғыстау» газеті
21.05.2024