Ақтауда жастар арасында спорттық және жауынгерлік самбодан ҚР чемпионаты басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ел біріншілігін ҚР самбо федерациясы мен Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев спортшыларға сәттілік тіледі.
- Бүгін өңірімізде үлкен шара өтіп жатыр. Бұл спорт саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде облысымызда 300 мыңға жуық адам спортпен тұрақты түрде шұғылданады. 2023 жылы осы бағытты әрі қарай дамыту мақсатында биыл әртүрлі 1500-ге жуық спорттық шаралар өтеді, - деді Ұлықбек Тналиев.
ҚР самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекеновтың айтуынша, бұл чемпионат осы уақытқа дейін ересектер арасында өтсе, биыл бүкіл Қазақстан бойынша 2003-2004 жылы туған жастар арасында ұйымдастырылып отыр.
- Жарысқа қатысушы спортшыларға 20 төреші қазылық етеді. Осы жарыста топ жарған жастар Алматыда өтетін Азия чемпионатында, кейін Қырғызстанда өтетін әлем біріншілігіне қатысады. Сонымен бірге, чемпион атанған ҚР спорт шебері атағына ие болады, - деді Манарбек Бисекенов.
Республика чемпионатына еліміздің 17 облысы мен 3 қаласынан барлығы 20 команда, 500-ден астам спортшы келген. Ал Маңғыстау өңірінен аталған сында 48 спортшы қатысады. Облыс атынан қатысқан «Жас батыр» мектебінің 17 жастағы спортшысы Ғизат Бектұрған ел чемпионы атанды. Ғизат Бектұрғанның спортпен айналысып жүргеніне бес жылдың жүзі болған.
- Бүгінгі жарыс мен үшін өте жоғары деңгейде өтті. 53 келі салмақта кілемге шығып, бес қарсыласпен күрестім. Ең алдымен бапкерім Жомарт Қобылановқа, ата-анама рақмет айтамын, - деді Ғизат Бектұрған.
Дүбірлі дода «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде үш күн бойы өтеді. Қала тұрғындары байрақты бәсекені ақысыз түрде көре алады.