13 наурызда Ақтау қалалық соты банк қызметкеріне шабуыл жасап, бөтеннің мүлкін ұрлау мақсатында қарақшылыққа барған Н. есімді азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін 16 қаңтарда Н. атты азамат Ақтаудағы банк бөлімшесінің ғимаратына суық қарумен кіріп, бөтеннің мүлкін ұрлау мақсатында қасақана қарақшылық шабуыл жасаған болатын. Ол сол жолы банк қызметкерінен терминалдан 1000000 теңге сомасында ақша қаражатын шығаруды талап еткен.
Сот істі қарау барысынад жеңілдететін жағдайларды, оның ішінде айыпталушының өз кінәсін мойындауын және оның өкінетінін ескерді.
Сот үкімімен Н. ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Әзірге сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.