Әкімдік облыс орталығын көрікті жерлермен безендіруге тырысқанымен, Ақтаудың көрікті жерлері вандализмнен жапа шегіп отыр. Тек соңғы бір жылдың ішінде вандалдар Ынтымақ алаңындағы әткеншекті, 15-шағын аудандағы ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған әткеншекті сындырды, бұл жағалаудағы қираған балюстралар мен сынған спорт алаңдарын есептемегенде.
Ақтау әкімдігінде атап өтілгендей, өткен жылы облыс орталығын абаттандыруға қалалық бюджеттен 97 млн теңге бөлініп, сол кезде байқауда жеңімпаз атанған «Алаш Констракшн» ЖШС бүлінген балалар ойын алаңдарын, спорт алаңдарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген болатын. Көшедегі орындықтар мен қоқыс жәшіктері, тірек қабырғаларын сырлаған еді. Қазір әкімдік облыс орталығын абаттандыруға байқау жариялап, шамамен 130 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, көбіне бұзақылар жағалаудағы нысандарды бүлдіреді. Қала тұрғындарының көп баратын жерлеріне 173 бейнебақылау камерасы орнатылды, олардың барлығы полицияның стационарлық бекеттеріне тікелей қосылған.
Айта кетейік, айналадағының бәрін құрту үрдісі қалтаңызға қатты соғуы мүмкін. Ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекет қорғайтын табиғи объектілерді, адамдар жерленген орындарға жазу немесе сызбалар арқылы қорлау, өзге де әрекеттер, сол сияқты көлікте мүлікті қасақана бүлдіруді он алты жасқа толмаған кәмелетке толмағандар жасағанда 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Кәмелетке толмағандар үшін ата-аналар немесе оларды алмастыратын адамдар төлеуге тиіс.
Өткен жылы бұзақылықтың 6 фактісі тіркелсе, биыл 1 факті бойынша шара қолданылды.
Сондай-ақ 2022 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша бұзақылық жасағаны үшін 2 хаттама толтырылды. Ағымдағы жылдың үш айында ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сол сияқты қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылым объектілерін бұзу, және жасыл алқаптарды бүлдіру» бойынша бір құқық бұзушы жазаланды.