Ұлттық қауіпсіздік комитеті «жұтқыштар» деп аталатын Қазақстанға есірткі жеткізудің кезекті контрабандалық арнасының жолын кесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«21 ақпанда Ақтау қаласы халықаралық әуежайында Маңғыстау облысы бойынша ҰҚКД жедел уәкілдерімен шекарашылар ЭТД қызметкерлерімен өзара әрекеттесе есірткі тасымалдау күдігі бойынша екі шетелдік азаматты ұстады.
Рентгеноскопиялық зерттеу олардың іш қуысында бөгде заттардың барын көрсетті. Арнайы медициналық процедуралармен шетелдіктердің асқазандарынан героин және синтетикалық есірткі бар 30-дан астам контейнер алынды», деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Алынған заттардың жалпы салмағы шамамен 1 кг болды.
Сот шешімімен фигуранттарды қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық кодекстің 286-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етілмейді.