Маңғыстау облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 273 квота бөлінді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Биыл Маңғыстау облысы бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында квота 273 отбасыға бөлінді. Мәселен, 2022-2023 жылдары облыс бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 535 әйелге ЭКҰ жасалды. Олардың 300-ден астамы жүкті болды. Айта кетсек, ЭКҰ орталықтарына қаржы төлеу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асырылды, - деді МО денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс Отбасын жоспарлау жэне репродуктивті денсаулық жөніндегі үйлестіруші Юлия Досаханова.
Ол «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы квота алу үшін, қайда бару екенін түсіндірді.
- Квота алу үшін алдымен тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханадағы учаскелік терапевтке бару қажет. Содан соң дәрігер қай маманға бару керегін түсіндіреді. Себебі, кезекке қою үшін арнайы репродуктология орталығына барып, арнайы анализдерді тапсырады. Кейін емханананың гинеколог-дәрігері ЭКҰ жасатуға денсаулығы жарайды деген қорытынды береді. Сол қорытындыны алып, облыс бойынша жауапты маманға әкеліп тапсырады. Тізім бекітіліп жинақталғаннан соң, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан құрылған комиссия құжаттарды қарап, тексереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда, отбасылық жұп кезекке тұрады, - деді Юлия Досаханова.
Мамандардың айтуынша, сәби сүйгісі келетін жұп МӘМС аясында жылына 1 рет тегін квотаға ие болады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда келесі жылға кезекке тұра алады.