Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Маңғыстау облысындағы филиалы бірлесіп ұсыным хаттар берілген кәсіпкерлік нысандардың хабарландыру, жарнама мәтіндеріне қайта зерделеу жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара барысында мәтінді түзету бойынша ұсыным хаттар берілген кәсіпкерлік нысан жарнамалары, хабарландыру, баға көрсеткіштері, ас мәзірлерінің мәтіндеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстар ҚР «Тіл туралы заңының» талаптарына сәйкес екенін тексеру және әдістемелік көмек көрсету мақсатында ай сайын ұйымдастырылады.
- ҚР «Тіл туралы заңының» талаптарына сәйкес хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпараттың мәтіні мемлекеттік тіл қазақ тілінде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде орналастырылады. Ай сайын ұйымдастырылатын зерделеу жұмыстары оң нәтижесін беріп жатыр деп айтуға болады. Мәтінді түзету бойынша ұсыным хаттар берілген кәсіпкерлік нысандардың 70%-ы жарнама, хабарландыру мәтіндерін заң талаптарына сәйкестендірген, - деді «Қазақ тілі» қоғамы Маңғыстау облысындағы филиалының төрағасы Наурызбек Көлдеубай.