Бұл туралы бүгін Ақтау қалалық әкімдігінде өткен брифингте қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы санитарлық-гигиеналық бөлімінің басшысы Асима Жарылғасова айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жыл басынан бері Ақтауда зиянкестерге қарсы препараттардан улануға қатысты 6 жағдай тіркелсе, 2019 жыл ішінде дәл осындай 13 оқиға болған.
Асима Жұмабайқызының айтуынша, соңғы 3 жылда тұрғындардың қандалаға қарсы дезинсекцияны өздігінен жасағаны 6 адамның өлімімен аяқталған.
Біздің қала тұрғындары зиянкестерді жою мақсатында пәтерлерін өздігінен улауы үлкен мәселе тудырып отыр. Пәтерлерін улағандар көршілеріне ескертпеген. Халықтың пайдаланып жүрген БИ-58 препараты ауыл шаруашылығында қолдануға ғана рұқсат етілген. Бұл препарат фосфор қышқылының эфирі. Ал фосфор қышқылының белгілі мөлшердегі концентрациясы адам ағзасы үшін у болып есептеледі. Соның әсерінен жеңіл уланғанда жүрек айну, құсу, көздің қызаруы, іш өту секілді белгілер болады. Ал қатты улану сал ауруына әкелуі мүмкін, - деді Асима Жарылғасова.
Мамандардың айтуынша, зиянкестерге қарсы препараттары таза ауада қолдану керек. Химиялық препараттарды қолдану барысында нұсқаулықты қатаң сақтаған жөн. Ерітіндідегі химиялық заттардың концентрациясын азайту әдісін басты назарға алған дұрыс. Ең маңыздысы, дезинсекция кезінде медициналық респиратор мен қолғап секілді жеке қорғану құралдарын пайдалану керек.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы қандаладан зардап шегуден көш бастап тұр. Мамандар оны аймақтағы ауа-райының жылы болуымен түсіндіреді.
Үй жағдайында қандала секілді зиянкестерден құтылу үшін хош иісті шамдар мен өсімдіктерді қолданса да жеткілікті. Мамандар ақпаратына сүйенсек, олар кез келген өткір иісті заттардан қашады.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН