Жаңа оқу жылы басталарда облыс орталығындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының алдында ҚР Конституциясы күніне орай өткен мерекелік шара аясында «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылды. Оған этномәдени бірлестіктермен қатар «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері де қатысты.
Білім күніне орай өңіріміздің көп балалы және жағдайы төмен отбасыларының мектеп жасындағы 100-ге жуық баласына «Халық қайырымдылық қоры» мен «Халық Банктен» мектеп жабдықтары мен сөмкелер табысталды. Балалар мен ата-аналарды «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Хамзин мен «Чосон» корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Маденова құттықтады. Ал сыйлық алған балалар мен олардың ата-аналарының қуаныштарында шек жоқ.
- Мен қатты қуанып тұрмын, - деді Мұнайлы ауданының тұрғыны Бағдагүл Мұсаева. -Мектеп сөмкесін ашып көріп, қайран қалдым. Мұнда бірінші сынып оқушысына қажеттінің барлығы, бірінші сыныпқа арналған дәптерлер, қалам, қайшы, желім, сазбалшық дейсіз бе, бәрі бар екен. Барлығы мұқият таңдалған, тіпті қосымша еш нәрсе алудың қажеті жоқ. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Өйткені, кейбір отбасылардың балаларды оқу жылына дайындауға қаражаттары жете бермейді. Сондықтан банк тарапынан мұндай қолдаудың болғаны өте дұрыс. Осындай игі істер жалғасын таба берсін.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА