©
АИТВ инфекциясымен тіркелетін жерлестеріміздің қатары күннен күнге көбеймесе, азаймай келе жатқаны анық. Мұны ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығынан алған мәліметтерден көріп отырмыз.
Биылғы 6 айда өңірімізде 27 адам АИТВ-мен тіркелген болса, 7 айда бұл көрсеткіш 32-ге жеткен. Дегенмен орталық мамандары АИТВ/ЖИТС бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты екендігін айтып отыр.
1994 жылдан бері Маңғыстау облысында АИТВ жұқтырғандардың жалпы саны 299 болды. Оларды аудан-қалаларға бөліп қарастырсақ, Ақтау қаласында 168, Мұнайлы ауданында 19, Жаңаөзен қаласында 7, Бейнеу ауданында 2, Түпқараған ауданында 6 және Қарақия ауданында 4 адам тіркелген. Бұлардың арасында 12 адам — өзге облыстардың тұрғындары, ал 81-і — шетелдіктер.
Соңғы 7 айда тіркелген 32 адамның 25-і немесе 78,1 пайызы Қазақстан Республикасының азаматтары болса, 7-і шет елдер азаматтары екен. АИТВ-мен тіркелгендерді жынысына қарай бөліп қарағанда олардың 25-і немеес 81,5% ер азаматтар екендігі, 7-і (21,9%) әйелдер екендігі анықталған.
Өкінішке орай, АИТВ жұқтырғандардың 28,1% 20-29 жастағы жастарға тиесілі болып тұр, яғни, 9 жас қыз-жігіттер тіркелген. Ал 12 адам 30-39 жастағылар, 8 адам 40-49 жастағылар. 50-59 жас аралығындағы 3 адам тіркелген.
Әлеуметтік жағынан қарастырғанда, осы мерзім ішінде тіркелгендердің 19-ы экономикалық белсенді азаматтар, 12-і белгілі бір жерде жұмыс істемейтіні белгілі болды. 1 адам тергеу-қамауға алынғандар арасынан шыққан. Бұл көрсеткіштер АИТВ вирусын жұқтырудан ешкім сақтандырылмағанын, аурудың адам таңдамайтынын аңғартса керек.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА