Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйытқы болуымен кәсіпкерлер палатасы ғимаратының аумағындағы ашық базарда «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке ұйымдастырылды.
Онда мектеп формасы мен оқу құралдарының түр-түрі сатылып жатты. Біз тілдескен сатушылардың бәрі өз шама-шарқы келгенше бағаны барынша төмендетіп отырғандарын айтты. Батыр ауылынан келген Бағила Нұртуғанова: «Әр тауардың үстіне 10-20 пайыздан артық қоймаймын. Базардағы нарықты білмеймін, бірақ алушылар ондағыдан арзан екен деп кетеді» десе, Сәуле Үсенова «Басқа жерде 2,5-3 мың теңгеден сатылып жатқан бала киімдерін 2 мың теңгеден берудемін» дегенді алға тартты. Тағы бір жерде атын атамаған сатушы 5 мың теңгеге сауда жасаған кісіге 12 парақтық дәптерден 30-ын сыйға беруде екен.
Кәсіпкерлік бөлімі басшысы Дастан Мураталиевтің айтуынша, жәрмеңке осымен бітпек емес.
– Халықты барынша қолжетімді бағадағы мектеп құралдарымен қамту мақсатында өткізіп отырған бұл шара енді қыркүйек айына дейін әр апта сайын жалғасатын болады, – дейді ол.
Ш. ЖҰМАН