Бүгін Ақтау қаласында Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатовтың жетекшілігімен «Болашаққа бағдар:«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тәрбие және идеологиялық жұмыстарын жандандыру бойынша лауазымды тұлғалардың негізгі қызмет бағытының жұмыстары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Тәжірибелік жиынды 6656 әскери бөлімі ұйымдастырып отыр. Шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, МО "НұрОтан" облыстық филиалы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайролла Ережепов, ҚР Батыс өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Берік Лесбайұлы және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Сөз басында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов «Кез келген үйдің, мемлекеттің тұғыры – идеология, тәрбие. Ал тәрбие мен идеология әскери қызметте бізге бір есе емес жүз есе керек дүниелер. Сарбаздар ең алдымен отанға деген махаббатпен қарулануы тиіс. 362 әулиесі бар Маңғыстау өңірінде әскери құрылымдардың барлығы орналасқан. Соның ішінде ұландар да бар», - деп айтты ол.
««Рухани жаңғыру» аясында жастар арасында Қазақстанға деген патриоттық сезімді күшейту керек. Екінші үлкен мәселе - қазақ тілін латын әліпбиіне көшіріп, сақтауымыз қажет.Естеріңізде болса, 2003 жылы Маңғыстауда бір қаралы оқиға болған еді. Ақтаудағы түзету мекемесінде 21 қылмыскер (сақалдылар) қашқан. Бекетте тұрған Ербол Атарбаев вахабистерді тоқтату үшін өзі қатты жараланса да, орнынан кеткен жоқ. Осы оқиға туралы біз көркем фильм түсірген болатынбыз. Астанада наурыз, сәуір, мамыр айларында кино рейтингтен бірінші орын алды. Қазір ол көркем-фильмді Қытай, Америка сатып алды. Осындай Ербол Атарбаев сынды азаматтарымызды қолдап, құрметке бөлеп, күллі халықтың алдында жасаған ерлігін айтып жеткізсек, жастар отанды қорғауға дайын болатын еді», - деді Генерал-майор Мұхаметқали Сатов.
Шарада лауазымды тұлғалар "Рухани жаңғыру" аясындағы негізгі қызмет бағыты мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндамалар жасады. Сонымен қатар тарихи мәселелерге тоқталып, ұлттық ұландарға қазақтың батырлары, жыраулары, олардың ерліктері туралы айтып берді. "Рухани жаңғыру" бағдарламасының 7 бағыты жөнінде толығырақ Берік Лесбайұлы айтып өтті.
Маңғыстау облысының «Рухани жаңғыру» өңірлік офисінің жетекшісі Гүлайым Азан әр салада жасалынып жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.
Іс-шарада Мақсат Сқақов сарбаздарға Серікбол Қондыбайдың кітабын оқуға кеңес берді.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ