©
Жазғы теңізге шомылу маусымында адамдардың қауіпсіздігін сақтау, облыс көлемінде бөлінген қаржыны тиімді игеру, өңірдегі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау, медицина жөніндегі мәселелерді шешу және алдағы айда Ақтауда өтетін Каспий жағалауындағы елдер басшыларының саммитіне дайындық бойынша қандай жұмыстар атқарылды, нендей күрмеулі мәселелер бар? Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде осы мәселелер ортаға салынды.
Жиналыс басталысымен Ералы Лұқпанұлы қала халқы мен демалуға келген туристердің суға шомылу кезіндегі қауіпсіздігі мәселесіне назар аударып, осы бағытта тыңғылықты жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Каспий теңізі жағасындағы қауіпті жағдайлардың алдын алу ісіне жауапты аймақтық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қуанар Базарбаев: «Қазіргі таңда қала халқы мен қонақтар жиі баратын теңіз жағалауындағы жалпы 32 демалыс орны жұмыс жасайды. Оның бесеуі шомылуға арналған жағажай аймағы болса, 22-сі демалыс базасы, қалған 5-уі жазғы демалыс кезінде балаларға арналған сауықтыру кешені. Өкініштісі, былтырғы жылға қарағанда биыл жаз маусымы басталғаннан-ақ суға шомылам деп жазым болған адамдар саны жетіге жетті. Құтқарушылар барынша жұмылып жұмыс жасаса да, шомылуға тыйым салған аумаққа суға түсіп, қауіпсіздік шарасын жасамай, спирттік ішімдік ішкен жандар бейбастақ әрекеттерін қояр емес», – деп жағдайды баяндады.
Өз кезегінде облыс әкімі: «Бұдан былай тыйым салынған аумақта суға түскендерге айыппұл салынады. Тәртіптің қатаң қадағалануын бақылап, тексерісті тынымсыз күшейткен жөн. Әсіресе демалыс орындарында спирттік өнімдерді саудалау доғарылсын», – деп қатаң ескерту жасады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ислам қасаң көзқарасты құптамайдыОблыстық қаржы бөлімінің басшысы Марина Әлбекова жиналғандарды жергілікті бюджеттің жай-күйімен таныстырды.
«Алғашқы жартыжылдықта бюджетке 77 млрд. теңге түсіп, оның орындалысы 101,6 %-ды құрады. Өткен жылғы жартыжылдықта түсім 63 млрд. теңгені құраған, биыл әлеуметтік салықтың өзінен 46 млрд. теңге қаржы жиналуы керек. Алғашқы алты айда жоспар бойынша 23 млрд. теңге түсуі қажет болған, алайда 21 млрд. теңге ғана жиналды, айналып келгенде ол бүкіл облыстық қаржы есебінің орындалысына өз әсерін тигізді», – деп мәлімдеді.
Аймақтағы жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелер, жаппай нәтижелі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2017-2021 жылдарға арналған жоспардың орындалысы бойынша алдын ала көрсеткіштер жайында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Қ.Берішбаев баяндады.
«Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы есеппен Маңғыстау өңірінде жалпы 278400 адам жұмысқа жарамды, соның 265000-ы жұмыс жасауда, 93,6% жалдамалы жұмысшылар болса, қалған 6,4% өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға, жастар арасындағы жұмыссыздық 4,2%-ға дейін төмендеді. Облыс бойынша жұмыссыздар саны – 13300 адам.
Жартыжылдықтың өзінде 15800 жаңа жұмыс орны ашылса, соның 82,6% тұрақты жұмыс орны ретінде іске қосылды. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін жұмыс орны санын 30 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Оның үстіне жеке кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік көмек беру үшін көптеген бағдарламалар ұйымдастырылып келеді», – деп сөзін түйіндеді ол.
Шағын несиелеу бағдарламасының қорытындылары жөнінде облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы В.Мұстапаева баяндаса, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөлінген 1 млрд. 244 млн. теңге қаржының игерілу барысы жайында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі С.Қалдығұл есеп берді.
Жиналысты қорытындылай келе облыс әкімі алда тұрған міндеттер мен тапсырмалар жайында айтты.
Мадияр ТӨЛЕУОВ