Италиялық инвесторлар Маңғыстау облысында жаңа жобаны іске асырғысы келеді. Олар Маңғыстау облысының басшысы Ералы Тоғжановпен кездесіп, екі жобаның таныстырылымын өткізді.
Бірінші жоба - Түпқараған ауданында «Маңғышлақ – Баутино» теміржол желілерін салу және пайдалану. Шетелдік кәсіпкерлердің айтуынша, бұл жоба арқылы жылына 2,5-28 млн тонна жүк тасымалданатын болады. Бұл өңірдің көліктік-логистикалық жүйесін дамытуға мүмкіндік береді.
Италиялықтар таныстырған екінші жоба – вагон шығаратын зауыт. «Бұл да өлке үшін экономикалық маңызы зор жоба болмақ», - дейді олар. Ералы Тоғжанов шетелдік инвесторлар ұсынған жобаларды кеңірек талқылау қажеттігін айтты.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН