©
17 наурызда басталған Маңғыстаудың түкпір-түкпірінде өтіп жатқан сенбілікке 9 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту айлығы облыс көлемінде 17 наурыз бен 30 сәуір аралығында өтпек.
Бүгінгі сенбілікке облыстық және қалалық мемлекеттік мекемелер, аумақтық департаменттер мен инспекциялар, мемлекеттік құқық қорғау органдары, өндірістік кәсіпорындар мен оқу орындары қызметкерлері қатысты. Сенбілікке мемлекеттік қызметшілермен бірге облыс әкімі Ералы Тоғжанов та шығып, қаланы күл-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызды.
17 наурыздан бастап ұйымдастырылған сенбілікке 9 808 маңғыстаулық қатысып, 169 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 1927 га аумақ тазартылып, 3 702 тонна қалдық шығарылды. Сонымен қатар, Ақтау қаласы, Түпқараған және Мұнайлы аудандарында 185 ағаш, Мұнайлы ауданында 10 текше метр жерге гүлзарлар отырғызылды. Ақтау қаласында 60 және Қарақия ауданында 20 орындық қалпына келтірілді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сенбіліктерде ағаш түптерін әктеу, ағаш отырғызу және тағы да басқа тазарту жұмыстары жалғасын табады.
Ақтау қаласындағы өткен сенбілікке барлық облыстық жəне қалалық мемлекеттік мекемелер жұмылдырылды. Сонымен қатар жұмысшыларымен жəне техникаларымен қамтамасыз еткен өндірістік кəсіпорындар қатысты. 500-ге жуық сенбілікке қатысушы Кіші Оймаша көлінің маңын тазалады.
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ