©
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін төл мерекесімен құттықтап, марапаттады. -Құрметті байланыс және ақпарат қызметкерлері, қаламгер қауым! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – бүкіл еліміз үшін маңызы зор, мәні бөлек мереке. Біріншіден, БАҚ – халық пен билік арасындағы алтын көпір екені айдан анық, екіншіден, БАҚ-тың байланыс аясы кез келген мемлекеттің дамуына айрықша ықпал етеді. Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген еді. Олай болса, журналистерді алдағы уақытта да жақсылықтың жаршысы болып, мемлекетіміздің нық сенімін насихаттай береді деген ойдамын, - деді облыс басшысы өз сөзінде. Құттықтау сөзінен соң Ералы Лұқпанұлы ардагер журналистер Аманқос Сүйеровті 75 жас, Павленко Тамара Михайловнаны 80 жас мерейтойларымен құттықтап, өз атынан алғыс хат табыстады. «Қазпочта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы Бейнеу аудандық Есет почта байланыс бөлімшесінің бастығы Зибагүл Мырзатаева «Үздік байланысшы» төсбелгісімен, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС «Огни Мангистау» газетінің бас редакторының орынбасары Татьяна Преснякова мен «Маңғыстау-Медиа» ЖШС «Маңғыстау» газетінің бас редакторының орынбасары Мұрат Жетекбай «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал «Қазақтелеком» АҚ МОТД инженері Любовь Адасбаеваға Құрмет грамотасы берілді. Сондай-ақ, журналистік жолда табанды еңбек еткен қызметкерлер алғыс хатқа ие болды. Биыл облыстық «Огни Мангистау» газетіне 50 жыл. Осыған орай, көпшілік «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы әзірлеген арнайы бейнероликті ыстық ықыласпен тамашалады. Осыдан 50 жыл бұрынғы «Огни Мангышлак» газетінің алғашқы саны оларды бей-жай қалдырмады. Биыл журналистер қауымы маусымдағы кәсіби мейрамын жиырмасыншы рет тойлап жатыр. Нақтырақ айтсақ, бұл атаулы күн еліміздегі алғашқы БАҚ туралы заң шыққан 28 маусымға 1997 бекітілген болатын. Сол күннен бері қарай тілшілер қауымы төл мерекесін осы айдың соңғы жексенбісінде атап өтіп келді. Ал 2011 жылғы Елбасы еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясын мақұлдады. Соған сәйкес, 28 маусым - Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып бекітілді.