©
Әр үйдің есігін қағып, дінді уағыздау – заңға қайшы. Ал тыйым салынған ұйымның миссиясын астыртын орындап жүрген азаматтардың ісі қылмыспен тең. Біз бүгінгі мақаламызда «Тәблиғи Жамағат» ұйымы туралы кеңірек айтатын боламыз. 2013 жылы Астанада заң жүзінде тыйым салынса да, әлі күнге дейін ұйым мүшелері Маңғыстау өлкесінде ілімін жалғастырып жүр. Дағуатшылардың саны ресми көп болмаса да, ондай жерлестеріміз бар. Өңірде дінді желеу етіп, дағуат жасап жүрген азаматтарды бірден байқай қою қиын дейді Маңғыстау облыстық Дін істері басқармасының бөлім басшысы Есенәлі Иса. «Тәблиғи жамағат» ұйымы қайдан пайда болды? Олардың арбауына түсіп қалудан қалай сақтану керек? Осы сұрақтар төңірегінде Есенәлі Исаның айтқан дәлелдерін өз сөзімен беруді жөн көрдік. «Тәблиғи Жамағат» – 1927 жылы Үндістанда құрылған мұсылмандық миссионерлік қоғам. 1947 жылдан бастап дүние жүзіне тарай бастады. Негізгі бағыты – діни дағуат, яғни дінге шақыру. Қозғалыс басты бес қағидаға негізделген. Ол бойынша ислам дініне шақыру – әрбір мұсылманның міндеті, олар табысы мен уақытын осыған арнауы қажет. Адамдарды күтіп отырмай, олардың арасына өздері барып, белсенді болуы керек. Басты мақсат – мұсылмандардың діни сенімін тереңдету, прозелитизм (басқа діндегілерді өз дініне шақыру) мұсылман еместерге өте сирек қолданылады. Мұсылмандық бірлікке шақыру олардың іргелі мақсаттарының бірі. Аталған ұйымда теологиялық тартыстарға тыйым салынған, сонымен қатар, мүшелерінің саяси көзқарастары есепке алынбайды, өйткені бұл саяси емес діни ұйым. Қоғамның негізін қалаушы Маулана Мухаммад Илиас Кандихлави (1885 – 1944) үндістандық сопылық Деобанд мектебінің идеологы болды.
Маңғыстауда заңды тіркелген 39 діни бірлестік бар. 29-ы Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы бекіткен мешіт болса, қалған 10-ы – христиан дініндегілер: проваслав, католик т.б. Заңсыз тіркелмеген салафи, таблиғи жамағат халықаралық ұйымының мүшелері өз арамызда жүр. «Тәблиғи жамағаттың» қазіргі уақытта аздаған мүшесі бар деуге болады, сырт көзге олардың керағар қылықтары білінбейді, өйткені заң жүзінде ұйымға тыйым салынғаннан кейін өте сақ әрекет етеді.
Маңғыстауда неге ажырасушылар саны артқан?
Оның бір себебі осындай теріс ағымдардың әсерінен болады. Тәблиғи ұйымының салафилерден ерекше тұсы дағуат жасаған кезде әйелдерін жанына ертпейді. «Құдайға тапсырдым» деп, бала-шағасы мен әйелін ас-тамақ, ақшасыз тастап, ел кезіп жүре береді. Ондағы ойы: «Құдай көмектеседі, Аллаға сендерді аманат еттім» дегені. 2013 жылы заң жүзінде бұл ұйымға тыйым салынған кезде көп ата-ана «Орынды заң қабылдап, балаларымызды отбасына қайтардыңыздар. Келіндеріміз күйеусіз, немерелеріміз әкесіз еді» деп қуана хат жазды.
Неге теріс ағымға кіруге жастар бейім?
Миссионерлер мүшелікке көбіне жастарды тартады. Жұмыссыз, уақытын құр өткізген жастар олардың білімсіз айтқан жалаң уағызына елітіп қалады. Фатиха, Ықылас сияқты 3-4 сүрені жаттатқаннан кейін, дағуат жасауға үгіттей бастайды. Оларға ерген жастар діни ағымның басшысы кім, мақсаты не, олардың бәрінен бейхабар болады. Ал дағуатшылардың бір ерекшелігі – ерлері әйелдер сияқты ұзын көйлек пен кең шалбар киіп жүреді. Киімдері жұпыны, алақ-жалақ сақал қояды. Білім мен ғылым, спорт, музыка өнеріне қызығудың орнына жастардың уақытын құртып, оқшаулатудың бар амалын жасайды.
Тақырыпқа тұздық:
Қанат Әбілқайыр, журналист: Журналистік зерттеу жасау мақсатында тәблиғи жамағат өкілдерімен 3 күндікке барып, дағуат айтуға қатысқан едім. Ол жақта қандай ғибадат жасалатынын, олардың не істеп, не қоятынын жақсы білемін. Арғы жағында Индия мен Пәкістандағы шейхтер отырған бұл ұйымның қазаққа берері жоқ. Диуана болып, жалаң аяқ ел кезумен дін тарамайды. Бұл жердегі жастардың байланатын бір дүниесі бір күндік дәреже ме деп ойлаймын. Мысалы, олар осындай үш күндік, қырық күндік, үш айлық ел кезу кездерінде машура (жиналыс) жасап әмірсап тағайындайды. Әмірсап деген сол ел кезушілердің басшысы деген сөз. Әрине, адамзат баласының нәпсісіне бір күндік басшы болудың өзі майдай жағады. Мен бір себепті ғана айтып отырмын. Бұл секілді жүздеген себеп табуға болады. Сондықтан да ол ағымдағы жастар орта ғасырлық таным-түсінікпен өмір сүруге мәжбүр. Орта ғасыр мен қазіргі заманды салыстыруға келмейтінін айтып түсіндіру қиын. Бұл ұйымға ҚР Заңдары негізінде шектеу қойылған. Зерттеу кезінде байқағаным, Мұхаммед Ильяс Кандехвелидің жетекшілігімен құрылған бұл ағым тұтынатын жалғыз кітап бар екен. Білім мен ғылымды қажет етпейтін ағымның қазақты адастырғаннан басқа пайдасы жоқ.
Уахабшылар мен «Тәблиғи Жамағаттың» байланысы бар ма?
Тәблиғи жамағаттың кең таралу кезеңі уаххабшылық қозғалыспен өзара байланыстар орнатуымен сәйкес келеді. Бұл ұйымның миссионерлері сапар қаражатын өз қалтасынан жабу қажеттігіне қарамастан, алыс елдердің жол қаражатын уаххабшылар тарапынан қамтамасыз етеді. Олар барған жерлерінде уаххабшылар қаржыландырып отырған мешіттерге тоқтап, қызметтерін жүргізіп отырады. Сонымен қатар, олар күнделікті бес мезгіл намазды жібермеуі тиіс. Жаңадан енген уағызшылардың қабілеттерін Табиғи Жамағаттың Райвиндтегі (Пәкістан) орталығында дайындықтан өткізеді. Діни әдебиет Мухаммад Закарина Кандхалави (1898 – 1982) жазған тоғыз кітаптан тұрады. Бұл кітаптар урду және ағылшын тілінде басылып, кейін араб және француз тілдеріне аударылған. Бұл қозғалыс ханафи суннашылдыққа негізделген. Қазіргі тәблиғи Жамағаттың саяси талпыныстары маңызды мәселе ретінде көтеріліп тұр. Бұл ұйым басында сопылық түрде болғанымен, кейіннен сектаға жақындаған. Ол қомақты әлемдік күш болып саналады, өйткені өз ілімдеріне миллиондаған адамдарды тартып отыр.
Біле жүріңіз!
Тәблиғи жамағат өкілдері арасында жиі қолданылатын сөздер
Тәблиғи жамағат үшін құнды кітаптар
Ең көп оқылатын және тәблиғшылар тарапынан күнделікті уағыз насихат барысында оқылып, тілге тиек ететін кітап «Фазаилул-амал» (Амалдардың құндылықтары)
Тәблиғи жамағаттың ұстанымдары
Олар өз араларында міндетті түрде әмір сайлап, соның жетегінде қалтқысыз әрекет етеді. Тіпті 3-4 кісі болып, Алла жолында дағуатқа шықса да араларынан бірін әмір сайлайды. Ондай әмірге «Әмір сап» деп атайды. Әмір сап қандай да бір іс жасамас алдын қарамағындағылармен кеңесуі (машура) уәжіб. Егер пікірлер қайшылығы туындаса, әмір сап өзі таңдаған жолмен немесе шешімімен жүреді. Кеңеске қатысушылар бір бірін тыңдамаса да, әмір сапты тыңдауы шарт. Әмір сапқа қарсы келу, тыңдамау үлкен күнә болып саналады. Алайда шариғат шарттарында бұйырылған әмір, яғни басшы бұлардың айтқандарындай емес, сол елдің патшасы, әкімі болуы тиіс.
Тәблиғ жамағаты несімен қауіпті?
Тәблиғи жамағат өкілдерінің уағыз-насихаттарын тыңдап, кейіннен уаһһаби, сәләфи, тәкфир ағымдарына өтіп кету оқиғалары көп кездескен. Яғни дінге бет бұрған жастардың сауатсыздығын пайдаланған сәләфиттер мен тәкфирлер өз қатарына тартып әкетуде.
Тәблиғи жамағаттың дінге шақыру барысындағы кемшіліктері
Тәблиғи жамағаттың тараған аймақтары
Тәблиғи жамағаттың кең тараған жері Пәкістан, Үндістан және Бангладеш. Ал Азия, Африка мен Еуропаға және араб елдерінде де жақтастары жетерлік. Әлемнің 150 еліне тараған. Шамамен 70-80 милиондай қолаушысы бар деп есептеледі.
Тәблиғ жамағатына тыйым салыған елдер
Тәблиғи жамағатына тыйым салынған елдер
Дайындаған: Айгүл ДӘДЕН