Маңғыстау облысы Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасына діни ағымды ұстанушы бір топ адамдар алдын ала сөз байласу арқылы ақша бопсалап жатқаны туралы жедел ақпарат түскен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аймақтық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Бір топ адам алдын ала сөз байласу арқылы жәбірленушіні алаяқтық жолымен Ақтау қаласының ықшамаудандарының бірінде орналасқан жалдамалы пәтерге кіргізген. “Қару ретінде тапанша, электрлік құрылғы, таяқша және пышақты пайдаланамыз” деп қорқытқан. Олар барлық әрекеттерін ұялы телефон камерасына түсіріп алып, жәбірленушіден 8 миллион теңге көлемінде ақша талап етеді.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-бөлігі (қорқытып бопсалау), 126-бабының 2-бөлігі (заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша тіркелді.
Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК департартаменті мен полиция департаменті қызметкерлерінің ұйымдасқан жұмысы нәтижесінде деструктивті діни ағымның төрт жақтаушысы анықталып, ұсталды. Оларға қатысты жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Барлық заттай айғақтар алынды.