Англиядан келген Карл Бушби, АҚШ азаматы Анджела Мэри Максуел және әзірбайжандық екі жас спортшы Рустам Абдрахманов пен Анастасия Баборкина Ақтаудан Бакуге Каспий теңізі арқылы жүзіп бармақшы, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұрынғы әскери қызметкер осыған дейін тек қысқа шақырымдарға жүзгенін, осы қауіпті сапарға тыңғылықты дайындалғанын айтады. Ақтауға алғаш рет табан тіреген саяхатшы біздің мекеннің табиғатына таңғалғанын жасырмады.
«Маңғыстау даласы біз үшін алыс болып көрінді. Кең далада келе жатырғанда жолда ештеңе көрмедік. Жазық даладан кейін Каспий теңізі сондай әдемі болып көрінді. Әуелі, Қытайдан Алматыға, содан соң оңтүстікті бойлай Ташкентке тоқтап, өзбек жерін кесіп, Бейнеуге келдім. Бейнеуден Ақтауға жеттік» дейді жиҺанкез Карл Бушби.
Сапар шамамен 300 шақырымға созылады. Әзірбайжанның үш кемесі (оның біреуі – әскери кеме) жүзіп бара жатқан адамдарды бақылап, қатар жүзеді. Жүзгіштер экипаж мүшелерімен бірге тамақ ішеді, кемеде ұйықтайды. Жоспар бойынша, олар күніне он километр жүзеді. Жүзу қашықтығы күннің райына қарай кейде баяулауы мүмкін. Саяхатшылар ең көп дегенде күніне 12-15 километр қашықтықты жүзіп етеміз деп жоспарлап отыр. 55 жастағы Бушби дайындық кезінде күніне он километр жүзгенін айтты.
Жүзуден спорт шебері, 18 жастағы студент, келешекте жүзуден жаттықтырушы болам деп алдына мақсат қойған әзірбайжандық Рустам Абдрахманов командаға қосылу жоспарымда жоқ еді дейді.
- Басында Ақтаудан Бакуге жүзіп барамыз деген ойымыз болған жоқ. Менің Әзірбайжандағы жаттықтырушым туриспен бірге жүзуге ұсыныс жасады. Мен келістім. Содан бері біз бірге дайындалдық. Қазір Қазақстандағы сапарымызды бастауға дайынбыз. Күніне он километрдей жүзіп, отыз күнде «Формуланы» аяқтаймыз деген жоспарымыз бар, - дейді жас спортшы.
Рустам суда кедергі болмайтына үміттеніп, әрқайсысында арнайы костюм, скафандр, суда бірін-бірі көру үшін қызғылт ұзын арқан, көзілдірік, күннен қорғайтын бас киімдері барын айтады.
«Таңертең сағат сегізде ұйқыдан тұрамыз, таңғы ас ішеміз. Сағат тоғызда жүзіп бастаймыз. Түске дейін 5, түстен кейін 5 шақырым жүземіз» деп, күндік жоспарын түсіндірді Анастасия Баборкина. Бұрын 150-200 метр қашықтыққа жүзген 16 жастағы спринтер, спорт шебері өзінің дайындығына, ерік-жігеріне сенеді.
Команда қатарында АҚШ-тан келген Анджела Мэри Максуел mangystaumedia.kz тілшілерімен тілдесуге жеке себептерімен келе алмады. 3 кеме, 4 адам Каспий бетіндегі сапарын тамыздың он алтысы, жұма күні бастайды.